Оқиға салдарынан бес адам ауруханаға түсіп, өзге тұрғындар эвакуацияланды
Бүгін таңертең Ақтаудағы үйлердің бірінде жарылыс болып, 5 адам зардап шекті. Біреуінің денесін 75 пайыз күйік шалып, ауруханаға жеткізілген. Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жапа шеккендердің арасында 3 бала бар. Оқыс оқиға бүгін 32В шағынауданындағы бес қабатты үйдің жертөлесінде болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жарылыс болған көпқабатты үйде таңнан бері тыныштық кетті. Апаттан кейін тұрғындар абыр-сабыр. Барлығы сыртқа шығып кеткен. Оқиғаны өз көзімен көрген куәгер Төребек Сайлауұлы жарылыс болған подъезден тұрғындарды сыртқа шығаруға көмектесіпті. Жедел жәрдемді алғаш шақыртқан да өзі. Ол бірнеше кішкентай баланы дереу эвакуациялаған.
«Қатты дауыс естілді, жарылыс сияқты болды. Алдымен терезеден қарасам, қоршау құлап жатқанын байқадым. Сәл кейін жертөледен үсті өртенген бір адам шығып келе жатты. Бірінші қабаттан үш кішкентайды алып шықтым, содан кейін “тағы кім бар екен?” деп қарап, артынша бесінші қабаттан тағы үш баланы құтқарып алдым», – дейді куәгер Төребек Сайлауұлы.
Өздерінің қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт үйдің жертөлесіндегі барлық кәсіпкерлік нысанды тексеруді талап етті. Олар "енді үйдің қабырғалары бұзылып, әр жерден сызат түскен соң қалай жөндеу жүргіземіз, баспананы тіпті сата да алмаймыз" деп шағымданды.
«Он алты адамның тағдыры тұр, ал астында бір адам газбен ойнап отыр. Бұл не деген масқара?! Мұны кім бақылайды? Қарап отырған адам бар ма? Енді жертөлеге зақым келді ме, іргетасы айырылып кетті ме, білмейміз. Арғы жағына барып қараңызшы, қабырға құлап жатыр. Ал көліктің тұрған күйі мынау», – дейді тұрғын Марат Айтбаев.
Төтеншеліктер қазір тексеру жұмыстарына кірісіп кетті. Жарылыстың нақты неден болғаны әзірге белгісіз. Бірақ дүмпу газ-ауа қоспасы бар ыдыстың салдарынан болған деген болжам бар. Ол үшін арнайы зерттеу-тексеру жұмыстарын жүргізілуі керек. Қазір барлық маман осы жерде жүр.
«ТЖД күштері мен құралдары оқиға орнына дереу жетіп, эвакуация жұмыстарын жасады. Қосымша шыққан өртті сөндіру жұмыстарын жүргізді. ТЖД 15 жеке құрам, 5 техника келді. Сонымен қоса анықтау бөлімі қазіргі таңда жарылыстың шығу себептерін анықтауда. МО ауруханасына 5 адам жеткізілді. Себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ақтау қаласы ТЖБ бастығының міндетін атқарушы Қабілет Ещанов.
Жарылыстың қатты болғаны соншалық, тіпті есік алдында тұрған көліктердің терезесі сынып, қаңқалары да майысқан. Апат нәтижесінде 5 адам зардап шегіп, барлығы ауруханаға жеткізілді. Арасында үш бала газға уланып қалыпты. Қазір барлық науқас дәрігерлердің бақылауында.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде такси жүргізушісі 7 жастағы қызды қағып кетті