Ақтаулықтар аулада салынып жатқан үй құрылысына наразы

Тұрғындардың айтуынша, жердің астында жылу құбырлары тартылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтаудағы 27-шағын ауданның бір топ тұрғыны аулада салынып жатқан 7 қабатты үйдің құрылысына қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Құрылысқа қарсымыз, салғызбаймыз» деп наразылық білдірген топ 27-шағынаудандағы №25 және №26 үйдің тұрғындары. Олар қос үйдің арасындағы алақандай жерді күзетумен жүр. Себебі азаматтар тар жерге тас үй саламын деген кәсіпкердің шаруасына түбегейлі қарсы. Мұндағы жұрттың талабы – жер телімін тұрғындар игілігіне беру. Олар алдағы уақытта аумақты абаттандырып, демалып отыратын орын жасамақ. Ол үшін де әкімдіктен қаржы да сұрамайды.

 «Халықтың игілігіне бермей ма? «Әкімдіктен көмек те сұрамай, сенбілік жасап, көгалдандырып, ретке келтірейік», деп айттым. Қаражат онсыз да берілмейтінін айтқан», – деді  қала тұрғыны Жәмила Бекбосынова.

 «Азаматтар жерді кең жерден алсын, алатын болса. Ертең қазады, жердің астында жылу құбырлары тартылған. Ертең құбырды жарса, онсыз да пәтер суық, қыста салқын үйде отырамыз», – деді қала тұрғыны Дағыстан Сарғулов.

Тұрғындар кәсіпкермен бөлісе алмай жүрген жер телімін 2022 жылы әкімдіктен сұрап, талай барған. Алайда шенділер ол жердің астында диаметрі үлкен құбырмен жылу желілері жүріп тұр деп көпшіліктің сұранысын қанағаттандырмаған. Белсенділер «елге бермеген жерді кәсіпкерге қалай берді?» дейді.

 «Әкімдік өкілдері кәсіпкердің барлық құжаты рәсімделген, құрылысты жүргізуге толық құқығы барын айтты. Көпшілікті инфрақұрылым жүріп тұрған жерден қалай үй салуға рұқсат берді деген сауал мазалайды. Расымен де ақылға қонымсыз. Онсыз да есіктің алды тар. Көпшіліктің тіпті көлік қоятын орны жоқ», – деді қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев

Мемлекеттік сәулет құрылыс-бақылау басқармасының маманы жиналған жұртпен кездесті. Айтуынша кәсіпкерде барлық құжат заңды рәсімделген және құрылысты бастау үшін де басқармаға ескерту жіберген. Ол осы мәселе көтерілгендіктен құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтты.

 «Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары тоқтатылды толықтай. Басшылық құраммен кәсіпкер арасында келіссөздер жүргізілуде», – деді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Қуандық Аманқосұлы

Көпшілік әлі де алаңдаулы. Жекенің қолына жерді өткізбеу үшін олар соңына дейін баратынын жеткізді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтау

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде тергеу абақтысы апатты жағдайда тұр

Новости партнеров