Қаладағы қоғамдық көлікке төлем қызметі өзгеріп, автобус ішіне арнайы планшеттер орнатылған
Ақтаулық тұрғындар қоғамдық көліктердегі кондукторлардың азайғанына алаңдаулы. Жолақысын тікелей жолсеріктерге төлеп үйреніп қалған халық автобустарға еніп жатқан жаңа жүйеге күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаладағы қоғамдық көлікке төлем қызметі өзгеріп, автобус ішіне арнайы планшеттер орнатылған. Енді жолаушылар жол ақысын QR-код арқылы төлейді. Алайда лық толы жолаушымен жүретін автобус жүргізушілері ақшаның төленгенін не төленбегенін қадағалай ма, әлде жол ережесіне алаңдай ма? Осылай деп өздерінің қауіпсіздігі үшін қорыққан жолаушылар «салон ішіндегі тәртіп пен тазалықты және төлемді бақылайтын бір кондуктор болуы керек» дейді.
«Карточка жаман емес. Кондуктор бірде бар, бірде жоқ. Өзің басып түсіп кетесің, болды», – деді қала тұрғыны.
«Кондукторды мүлдем алып тастаса, жүргізушіге салмақ түседі. Қақтығыс та шығуы мүмкін. Қай жерден карта алатынын жұрттың бәрі біле қоймайды», – деді қала тұрғыны.
Қаладағы автобустарда кондуктор тек бірнеше бағытта ғана бар. Көптеген маршрутта қарастырылмаған. Өйткені бұдан былай жолақысы арнайы бақылау жүйесі арқылы тексерілмек.
«Жолсеріктердің азаюына байланысты, бақылау-тексеру қызметі іске қосылып жатыр. Бұл қызмет түрі жылдың аяғына дейін толық қосылады. Бұл қызметтің атқаратын қызметі кез келген аялдамадан мініп отырған тұрғындардың төлем жасаған, жасамағынына көз жеткізеді», – деді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Айбек Жарылғас.
Түбегейлі реформаға қала тұрғындарының бәрі бірдей дайын емес секілді. Жаңашылдықты бұқара аса қуанышпен қабылдай қоймады. Десе де билік жаңа жүйеге еніп, заманауи тәсілге көшу керек екенін алға тартты.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Нұрсұлтан Нұржанов, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Жеті облыстың жүргізушілеріне ауа райының нашарлауына байланысты ескерту жасалды