Ақтөбе облысы тұрғындары автобус аялдамаларын қайта орнатуды талап етіп отыр

08.08.2025 20:05

 Алға ауданы әкімдігі мәселені қыркүйекке дейін шешіп беруге уәде етті

Ақтөбе облысы Бестамақ ауылының тұрғындары бұрынғы автобус аялдамаларын қайта орнатып беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алғашында жаңадан салынған жолға қуанған көпшілік бірер айдан кейін қолайсыздық сезіне бастаған. Айтуларынша, ауыл ортасында болған бұрынғы аялдамалар жергілікті халыққа ыңғайлы еді. Олар денсаулығы нашар тұрғындар үшін 3 шақырымды еңсеру қиын деп отыр. Тым болмағанда, ауыл маңындағы көлік жөндеуге арналған орынды аялдамаға ауыстырып беруін сұрайды.  

«Ауылдың арғы шеті мен бергі шеті 3 шақырым жер. Талабымыз – бұрынғы аялдамаларды орнына қою. Алғадан – Ақтөбе, Ақтөбе – Алға. Осы елдімекен ортасында тұрмыз», – деді ауыл тұрғыны Тілеуғазы Есбергенов.

Тұрғындар мал айдайтын өткелдің тым алысқа көшірілгеніне наразы. Олар «төрт түлікті жолдың арғы бетіне шығару үшін жол ережесін бұзып, қауіпті аймақтан өтуге тура келеді» дейді. Ал облыстық «ҚазАвтоЖол» филиалының өкілдері құрылыс басталар алдында жергілікті жұртшылықпен бірнеше рет кездескенін айтты. Алайда ол кезде жобаға қатысты еш сұрақ туындамаған.

«Бестамақ ауылының алдында және шыға берісінде мал өткелдері бар. Бұл жоба кезінде ескерілген. Тұрғын үйлерден шамамен 250 метр қашықта орналасқан. Елдімекен ішінде заң бойынша мал өткелін жасауға рұқсат етілмейді», – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Оразғалиев.

Ал автобус аялдамалары мәселесін Алға ауданы әкімдігі қыркүйекке дейін шешіп беруге уәде етті.

Олжас Омарбек, Нұргүл Тілепова, Айдын Спанов

Оқи отырыңыз: ПИК әр тұрғын үй үшін жеке шот ашуға міндетті