Инновациялық орталықта әлеуметтік кәсіпкерлердің өнімдері сатылымға қойылған
Елімізде мың жарымға жуық әлеуметтік кәсіпкер болса, оның 20 пайызы Астанада жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс ұсынып отырғандарға қала билігі қайтарымсыз грант мен пайызы төмен несие беріп, барынша қолдау көрсетіп келеді. Бүгінге дейін 50 әлеуметтік кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз қаржылай көмек алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас шаһарда әлеуметтік кәсіпкерлік жыл санап дамып келеді. Бүгінде Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың екі қолына бір күрек беріп отырған 255 кәсіп иесі бар. Алдағы уақытта бұл тізім арта түспек. Өйткені елорда төрінде Орталық Азиядағы алғашқы әлеуметтік инновациялық хаб жұмысын бастады. Орталықта әлеуметтік стартап ашқысы келетіндерге кәсіпкерліктің қыр-сыры оқытылып, үйретіледі.
«Хабтың негізгі міндеті – қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып жүрген әлеуметтік кәсіпкерлерді біріктіру. Сондай-ақ біздің тәжірибемізді Орталық Азия елдеріне тарату. Бұл бағытта біз көш ілгеріміз. Өйткені Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойып, бізге қолдау көрсетіліп, ресми заңды мәртебе берілді», – деді Social innovation hub төрағасы Эмин Әскеров.
Инновациялық орталықта әлеуметтік кәсіпкерлердің өнімдері сатылымға қойылған. Мұнда келген кез келген жан қолдан жасалған түрлі әшекей, ойыншықтар, тақиялар мен сөмкелер, киім-кешек сатып ала алады. Сондай-ақ әлеуметтік кофеханаға бас сұғып, дәм татуға болады. Орталықта бариста мектебі де бар. Мұнда есту қабілеті шектеулі жандар білім алады.
«Алдағы уақытта оларға курсты аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Бұл жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Оларды жұмысқа алуға дайын 12 кофеханамен келісіп қойдық», – деді Эмин Әскеров.
Ел бойынша 1300-ден астам әлеуметтік кәсіпкер бар. Оның 20 пайызы елордада кәсібін дөңгелетіп отыр. Қала әкімдігі бүгінге дейін 58 бизнесменге қайтарымсыз грант берсе, биыл тағы 50 кәсіп иесі қаржы алады. Одан бөлек, 19 кәсіпкерге жеңілдетілген айлық төлеммен ғимараттар, жағажайлар берілген
«Қайтарымсыз гранттарға қатысу үшін ақпараттық портал арқылы электрондық түрде жүреді. Ең басты талап – ол әлеуметтік кәсіпкерлер тізімне кіруі керек. Грант суммасы – 5 миллион теңге», – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров.
Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алғандарға мемлекеттен пайызы төмен қаржылық қолдау да көрсетіледі. Бүгінге дейін 28 кәсіпкер 11,3 пайызбен несие алып, кәсібін жүргізіп отыр. Әлеуметтік кәсіпкерлікке бет бұрғандардың жұмыспен қамтып отырған адамдарының 50 пайыздан астамы әлеуметтік осал топқа жататын мүмкіндігі шектеулі жандар болуы керек.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: ПИК әр тұрғын үй үшін жеке шот ашуға міндетті