Ақтөбе облысында жол апаты салдарынан 4 адам қаза тапты

16.08.2025 10:56

Сондай-ақ тағы үш адам әртүрлі дене жарақатын алды

"ҚазАвтоЖол" АҚ" ҰК

Ақтөбе облысында жол-көлік апаты салдарынан 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv

«ҚазАвтоЖол» АҚ хабарлауынша, қайғылы оқиға 15 тамызда сағат 14:00 шамасында «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 925 шақырымында болған.

«Әйтеке би ауданына қарасты Белқопа ауылы маңында жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, Toyota Alphard маркалы жеңіл автокөлігі мен Volvo маркалы жүк көлігі қарсы бағытта соқтығысқан. Оқиға салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы үш адам әртүрлі дене жарақатын алды», - делінген хабарламада.

Оқиға болған жерді қарау барысында жол жамылғысының асфальтбетон екені, көріну қашықтығының шектелмегені және учаскенің түзу екені анықталды.

Аталған учаскеде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде; жұмыс жүргізу рұқсатына сәйкес тиісті жол белгілері орнатылған, сондай-ақ жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін шектеу енгізілген.

Оқи отырыңыз: Тараздағы тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр