Ақтөбеде итті аяусыз пышақтаған бала туралы жаңа ақпарат айтылды

03.11.2024 16:57

Жасөспірім бұған дейін де есепте тұрған

Көрнекі фото: Аlmaty.tv

Темір ауданы Кеңқияқ ауданы оқушысының ісі комиссияда қаралады. Психологтар да баламен жұмыс істейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Итті пышақтап, аяусыз тепкен бала ісі қазір тергеуде. Ал облыстық білім басқармасы баланы тәрбиелеу үшін бірнеше амалын қарастырып жатыр. 

— Ол осыған дейін тәртібі, мінез-құлқына байланысты мектепішілік есепте тұрған бала. Тергеу амалдары аяқталған соң, Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысына шығарылады. Психологтар сауықтыру жұмысының жоспарын дайындап қойды. Жоспар аясында балаға психологиялық қолдау көрсету, агрессивті мінез-құлқын түзету және әлеуметтік бейімделуіне көмектесу шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, ата-анасымен бірлескен кеңестер өткізіп, отбасы жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Мектеп әкімшілігі де оқушының білім алуына және тәртібін қадағалауға ерекше назар аударатын болады. Екінші бала да назарда болады. Немқұрайлы болмас үшін тәрбиелік, психологиялық жұмыстар жүргізіледі, — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Айта кетсек, Темір ауданы Кеңқияқ ауылында оқушы итті жіппен байлап ұстап, оған пышақ сұқққан. Видео әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен болатын.

– Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында жас баланың итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазбасы анықталды. Тексеру барысында оқиға биыл мамыр айында Темір ауданының аумағында болғаны және жануарға қатігездік танытқан 9-сынып оқушысы екені белгілі болды. Оқушы өзінің ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар оқиға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында баланың ата-анасының қатысуымен қаралады. Жасөспірім полицияның есебіне қойылады. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Оқи отырыңыз: Петропавлда түнгі клуб маңында жасөспірімді пышақтап кеткен