Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, балалар орталығынан көмек ұсынбақ түгілі, ешкім хабарласпаған
Ақтөбеде балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының бірінде 5 жастағы қыз саусағынан айырылып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ойнап жүріп, жарақат алған балдырғанның анасы Алтын Шалабаева ауруханада табан тоздырып жүр. Өйткені 5 жастағы Аялаға ота жасалған. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Оқыс оқиғадан кейін өзіне келмеген. Себебі қыз бала жиі жылайды, сол қолында бас бармағының жоқ екенін түсінбейді. Анасының айтуынша, күтпеген жағдай кеше күндіз болыпты. Аяла 15 жастағы әпкесімен және 11 жастағы ағасымен бірге балалар саябағында ойнап жүрген.
«Құбыр ма, бір затты ұстап астынан өткен. Саусақты жұлып кеткен. Сол жерде жұмысшылар келіп, қолын сурып үлгерген. Үстінің бәрі қан болған, киімін ауыстырып, қолын байлап, жедел-жәрдем көлігін шақыртқан. Қаншама жұмысшылар жүр ішінде? Неге қарамайды?» – деді зардап шеккен баланың анасы Алтын Шалабаева.
Бейнежазбаны Аяланың анасы түсіріпті. Онда оқыс оқиға болған аумақтың мүлдем қоршалмағаны анық көрінеді. Алтын Шалабаева «бұл – орталықта қауіпсіздік ережесінің сақталмағанына дәлел» дейді. Сондықтан, болған жайтқа нысан әкімшілігін кінәлап, тексеріс жүргізуді талап етіп отыр. Тіпті полиция мен сотқа да арыз жазған.
Ал қыз баланы ұзақ мерзімді оңалту ем-шаралары күтіп тұр. Болашақта анасы саусақ протезін салғызуға үмітті. Алайда қаражат қолбайлау екен. Аяладан бөлек, тағы 3 перзент тәрбиелеп отыр. Оларды мектепке дайындау үшін Қобда ауданынан қалаға келген олар аяқ-асты осындай жағдайға тап болғанын айтты.
«Жарақаты ауыр. Себебі саусағын жұлып кеткен. Саусақты алып келді. Қарадық, саусақ механизмге қысылған, жаншылған, жаны жоқ. Оны орнына тігуге келмейді. Басқа да мамандарға көрсеттік. Оның орны тегістеліп, қалпына келтіріліп, көмек көрсетілді. Енді емін алып жатыр. Қазір жағдайы қалыпты», – деді травматолог Қуантай Махамбетов.
Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, балалар орталығынан көмек ұсынбақ түгілі, ешкім хабарласпаған. Тіпті жұмысын тоқтатпаған, оқыс жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Ал полиция департаменті «қауіпсіздік талаптарын сақтамай, қызмет көрсеткені үшін» қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Аяулым Көлжігіт, Нұргүл Тлепова, Айдын Сапанов
Оқи отырыңыз: ШҚО-да пойыз екі адамды қағып, біреуі көз жұмды