Ақтөбеде полиция әке мен баланы ұстап әкетті

24.07.2025 11:46

Ер адам мас күйде болып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, дөрекілік танытқан

стоп кадр

Ақтөбеде 23 шілдеге қараған түні сағат 01:30 шамасында Әбілқайыр хан даңғылында патрульдік полиция қызметкерлері Nissan X-Trail көлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлік тізгінінде 2003 жылы туған, жүргізуші куәлігі жоқ азамат отырғаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жас жүргізушіге қатысты рәсімдер жүргізіліп жатқан кезде оқиға орнына оның әкесі келген. Ер адам мас күйде болып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, дөрекілік танытқан. Ол құқық қорғау органдарының әрекеттеріне наразылық білдіріп, процессуалдық шараларға кедергі келтіруге тырысқан.

Облыстық ПД мәліметінше, әке мен бала полиция бөліміне жеткізіліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік арнайы тұраққа қойылды.

Оқи отырыңыз: Мұғалімге қол жұмсағандардың да енді жазасы күшейеді