Ақтөбедегі тікұшақ апаты: әскери институттан Батыр Оразымбетовті ақтық сапарға шығарып салды

Ақтөбедегі тікұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбедегі тікұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы жағдай екі күн бұрын Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында болған. Оқу-жаттығу кезінде МИ-8 әуе кемесі өртенген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тікұшақтың ішінде 3 экипаж мүшесі болыпты. Бірі жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған, ал екеуі аудандық ауруханаға жеткізіліпті. Одан соң зардап шеккендерді облыстық емханаға ұшақпен апарған. Аэродромда оларды екі жан сақтау бригадасы күтіп алып, медициналық мекемеге жеткізген. Дәрігерлердің сөзінше, азаматтар есін жиған.

"Бүгінгі таңда екеуінің жағдайы орташа. Көп жарақат алған. Бас миының шайқалуы, кеуде соғылуы, іш-құрылыстарын соғып алған", – деді көпсалалы аурухананың бөлім меңгерушісі Мақсұт Ұражанов.

Апат орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қайғылы жағдайға техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Нақтысы толық тексерістен кейін белгілі болмақ. Ведомствоның хабарлауынша, тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу былтыр жасалған.

Айта кетейік, апат салдарынан әскери институттың авиациялық эскадрильясының командирі, майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы, аға лейтенант Рүстем Нығметов зардап шекті. Ал қаза тапқан Батыр Оразымбетовті бүгін әскери институттан ақтық сапарға шығарып салды. Марқұм авиациялық эскадрильяның офицер-нұсқаушысы қызметін атқарған.

"Отбасына кіріп, көңіл білдірдік. Облыс әкімдігінің тарапынан барлық қолдау жасалатындығын жеткіздім. Әрине, қазіргі таңда аталған жағадй бойынша іс қозғалды. Тиісті шешім шығарылады", – деді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.

Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі тікұшақ апаты: Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады

Новости партнеров