Облыстық бюджеттен тұрғындардың қайта жаңғыртылатын үйін сатып алу үшін 700 миллион теңге бөлінді
Көкшедегі көш. Ақмола облысында 50 отбасы тозығы жеткен баспанасын жаңа пәтерге айырбастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көкшетау қаласындағы қайта жаңғыртудан өткен алғашқы учаске екі көшенің арасында орналасқан. Тозығы жеткен үйлердің басым көпшілігі дәл осы жерде шоғырланған. 8 пәтерлі 6 үйдің орнына бұл аумаққа 234 отбасыға шақталған екі тұрғын үй кешенін салу жоспарланған.
"Облыстық бюджеттен тұрғындардың қайта жаңғыртылатын үйін сатып алу үшін 700 миллион теңге бөлінді. Маусым-шілдеде жергілікті жұртпен келіссөз жүргіздік. Оларға пәтер бағасына сай өтемақы берілді. Қазір барлығы бұл жерден көшіп кетті", – деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышев.
Күні бүгінге дейін 6 үйдің 48 пәтері сатып алынған. Атап өтер жайт, тұрғындар соңғы шешімді өздері шығарады. Олар өтемақыны қаражат түрінде ала алады немесе бұрынғы баспанасының шаршы метріне сай келетін жаңа пәтерге алмастырады. Ал қоныстанып үлгерген жұрт жүзінен қуаныш аңғарылады.
"Алғысым шексіз. Мұндай бағдарламалардың бары қуантады. Нәтижесінде жылы пәтер сатып алдық", – деді Көкшетау қаласының тұрғыны Ботагөз Құсайынова.
Ал кейбір тұрғындар қорқыншы барын жасырмайды. Себебі үйінің әр шаршы метрін есептеп берген қаражатқа бұл ауданнан жаңа пәтер сатып алу оңай емес.
"Қолайлы жағдайдың барлығын жасады. Көшуге де уақыт берді. Бірақ 12 миллионнан аса қаражатқа жаңасын сатып алу мүмкін болмай тұр. Себебі баға көтеріліп кетті. Үлгергені ғана сатып алды", – деді Көкшетау қаласының тұрғыны Марина Цокова.
Үйлерді жаңғырту жұмысы Бурабай ауданында басталды. Жоспар бойынша бүкіл облысты қамту көзделген. Ескірген баспаналары бар аудандар біртіндеп анықталып, ондағы үйлер сүріледі. Ал бір ғана Көкшетау қаласында 11 аймақты жаңарту жоспарланған. Барлығын қоса есептегенде жеке және көпқабатты 800 үй бұзылады.
"Біз бағдарламаны Бурабайдан бастадық. Басқа қалаларда да жалғастырамыз. Себебі мұнда жан-жақты тиімді ұсыныс қарастырылған. Тұрғындардан бөлек, бизнес өкілдеріне, жергілікті атқарушы органдарға да оңтайлы жағдай жасалып отыр. Құрылыс компаниясы үйден бөлек, оның ауласын да абаттандырып береді", – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Шенеуніктердің сөзінше, босатылған аумаққа салынатын тұрғын үйлерге, баспанасы сүрілетін басқа аумақтағы тұрғындарды қоныстандыруға болады. Бұл үйлерден әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен кезекте тұрған жандарға пәтер беріледі.
Рүстем Айткәрім, Оксана Матасова, Рамиль Дусумов, Ақмола облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік осал топтар мен жұмысшы жастарға қандай пәтер беріледі