Ақтөбелік әйел полицияға шағымданған көршісін шашынан сүйреп, соққыға жыққан

29.12.2024 12:59

Көршісі оны заң бойынша жазалауды сұрап, кешірмейтінін мәлімдеген

Vitaly Mazur / Unsplash

Ақтөбеде қатты музыканың шуымен көңілдесімен көңіл көтермек болған келіншек сотталып тынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Диапазон" басылымының жазуынша, Ақтөбе тұрғыны Наталья демалыс күні өзімен бірге тұратын ер адаммен пәтерінде сыра ішіп, музыка қосып, терезені ашып қойған. Алайда оның үйіне қарама-қарсы орналасқан ғимарат кеңсесінде жұмыс істеп отырған есепші аулаға шығып, музыканың даусын басуды талап еткен. Бірақ өз ісіне ұяылудың орнына, оған жауап ретінде келіншек әдепсіз сөздер айтып, шығарып салған. Бұған ашуланған есепші полицияға шағымданған. Бірақ шақыртумен жеткен полицейлер "көңілді" келіншекке ескерту жасап, кетіп қалған.

"Өзінің үстінен кімнің шағымданғанын білген келіншек артынша дереу көрші ғимаратқа барып, «шағымданушыны» екінші қабаттағы кеңседен тауып алған. Сөйтіп бірден бас салып шашынан сүйрелеп, басынан ұра бастаған, содан соң жәбірленушіні телефонымен ұрғылап, мойнындағы алтын шынжырын жұлып алған. Есепші әйел өзіне тарпа бас салған келіншектің қолынан қашып шығып, басқа кабинетке кіріп, есікті ішінен іліп алады. Ал ашулы келіншек есікті тепкілеп, сындырмақ болған", - делінген хабарламада. 

39 жастағы Наталья бұзақылық жасағаны үшін сотталды. Ол көрші әйелдің полицияны не үшін шақырғанын сұрағысы ғана келгенін, себебі музыканы демалыс күні күндіз қосқанын, әйелді еш ұрмағанын, жай ғана шашына қолы тигенін, ол әйел де шашынан ұстағанын айтып, ақталған. 

Ал жәбірленуші оның басынан ұрғанын, шашынан тартқылап, әріптестерінің көзінше балағат сөздер айтқанын, құқық бұзушыны заң бойынша жазалауды сұрап, кешірмейтінін мәлімдеген.

"Нәтижесінде сот 39 жастағы Натальяны бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Осы уақыт аралығында әйелге ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды, ол кешке және түнде үйде болуы тиіс, бұл талаптарды бұзған жағдайда жаза нақты мерзімге ауыстырылуы мүмкін", - длінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Тұмаудың алдын алу үшін қандай жемістерді жиі тұтынған жөн