Саяхатшы еліміздің 17 облысы мен 3 ірі қаласын аралап шығуды мақсат еткен
Алпыстан асқан ақтөбелік жиһанкез Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ел аралап, Алматыға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі дөңгелекті көлігімен он облысты артқа тастап, оңтүстік астанаға аялдаған қария мұнымен тоқтамайды. Ендігі меже – шетелге сапар шегу.
Ертарғын Мұхаммедғалиұлы – Ақтөбеде туып-өскен еңбекқор жан. Велосипедпен сапар шегу оның өмір салтына айналғанына он жылдан асқан. Алғашқы рет 2011 жылы екі дөңгелекті көлікті серігіне айналдырып, аудан-ауылдарды аралай бастаған. Осыдан кейін Ертарғын ата велосаяхатқа ерекше ден қойып, Батыс Қазақстанның біраз аймағын аралап шығуға бел буады. Уақыт өте келе бұл қызығушылығы шын мәніндегі үлкен сапарларға жол ашқан.
«Мен үш рет Бекет атаның басында болдым. Сол кезде өзбек, тәжік, қытай, корей, немісті де көрдім. Басқа ұлттың бәрі елді аралап жүр. Сол сияқты ұрпағымызға үлгі болу үшін ел, жер аралауға шықтым», – деді жиһанкез Ертарғын Мұхаммедғалиұлы.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын ерекше атап өтуді мақсат еткен саяхатшы еліміздің 17 облысы мен 3 ірі қаласын аралап шығуды мақсат еткен. Қарапайым ғана екі дөңгелекті көлігіне ең қажетті заттарын жүктеп, жолға қамданған. Жүксалғышында шайын қайнататын шәйнегі мен шағын газ баллон, ал алдыңғы бөлікке құрал-саймандарын және киім-кешегін орналастырған.
«Абай атамыздың 185 жылдығына тағы да бір рет аралап шықтым. Денсаулығым сыр бермесе, бес жыл сайын аралағым келеді», – деді Ертарғын Мұхаммедғалиұлы.
67 жастағы жиһанкез қария дәл екі дөңгелекті шайтан арбаны жан серігі еткен. Болашақта Меккені бағындырғысы келеді. Ол Абайдың 185-190 жылдығында да сапарлатуды көздеп отыр.
Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Сейіт Қасқабасов - 85: Алматыда ғылыми баяндамалар жинағы жарық көрді