Ақтөбеліктер «Инватакси» қызметіне енгізілгелі жатқан жаңа ережелерге қарсылық танытты

Жаңа ережеге сәйкес, олар аталған қызметті айына бар жоғы 2 апта пайдалана алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар «Инватакси» қызметіне енгізілгелі жатқан жаңа ережелерге түбегейлі қарсы. Олардың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтар бұрынғыдай жолда ұзақ жүре алмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтөбедегі «Инватакси» 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Көлік 1 және 2- топ мүгедектеріне қолжетімді. Осы уақыт аралығында ерекше қажеттілігі бар жандар үшін еш кедергісіз тәулік бойы қызмет көрсететін. Алайда бірер күн бұрын Көлік министрлігі өзгеріс енгізіп, жаңа ережеге сәйкес, жол жүру сағаты азайған. 

«Уақытты шектемесін, 25 сағат ол жетпейді. Жұмыс істемейтіндерге 6 сағат аз. Сосын жеке көмекшілері бар адамдар ғана жүреді. Шамалы ғана көретіндердің қасында қамқоршысы бар. Ал қамқоршысы барлар таксиге міне алмайды деп жатыр», – деді «Зағиптар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жарқын Бақбергенова

Инватакси қолданушыларының есептеуінше, жаңа ережеге сәйкес, олар аталған қызметті айына бар жоғы 2 апта пайдалана алады. Ал «бізге дүкенге жетудің өзі оңай емес» деген жұрт өзгерістер қайта қаралуы қажет дегенді алға тартады. Өйткені, қалада қатынайтын өзге көлік құралдарында  мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалмаған.

«Иә, бізге шынымен де инватакси ауадай қажет. Себебі, таксимен жүру ыңғайсыз. Автобуста да қиындық бар. Себебі көтеру керек, түсіру керек деп. Көп автобуста ондай жағдай қарастырылмаған», – деді қала тұрғыны Айман Бейсенова.

«Инватаксиде» 80-ге жуық көлік жұмыс істейді. Олардың қызметін мүмкіндігі шектеулі мыңнан астам азамат пайдаланады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қаулының әлі күшіне енбегенін айтты.

«2026 жылы қаңтар айынан бастап өзгерістер болады деп жатыр. Нақты шешім қабылданған жоқ. Үш мекеме Ақтөбе қаласы бойынша инватакси қызметін көрсетіп жатыр. Бұрынғы штатты келісімде жұмыс істей береді», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Гүлмира Сүлейменова.

Өзгерістердің шеңберінде «Инватаксиді» Әлеуметтік қызметтер порталына көшіру ісі де қарастырылып жатыр. Жауаптылардың сөзінше, мұндай шешім мүгедектігі бар жандарға көлікті қажеттілігін ескере отырып шақыртуға мүмкіндік береді.

Гүлмарал Изатқызы, Наталья Лаврентьева, Әлихан Молдабек, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік апат: Алматы облысында 8 адам көз жұмды

Новости партнеров