Ақылы тұрақ: астаналықтар өз ауласында көлігіне ақы төлеуге мәжбур

03.10.2025 20:11

Бұл ереже 2016 жылдан бері қолданыста

Елде ақылы автотұрақ мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Елорда тұрғындары бұл жүйеге қатысты шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанада жыл сайын көлік саны артып келе жатқандықтан, тұрақ тапшылығы қала тұрғындары үшін үлкен түйткілге айналды. Қолданыстағы ақылы автотұрақтар да жүргізушілерге қолайлы жағдай ұсынып отырған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, ең әуелі тегін тұрақ күрт азайып кеткен. Ал көлігін ақылы тұраққа қойған адам небәрі 5-10 минутқа дүкенге кіріп шықса да, толық бір сағаттың ақысын төлеуге мәжбүр. Жүргізушілер «тіпті кейде уақыттың асқанын байқамай, айыппұл арқалап жатамыз» дейді.

«Егер 1 сағатқа қойып кетсе, онда төлеуге болады. Ал 15-20 минутқа ақы төлеу дұрыс емес», – деді қала тұрғыны Сұлтан Әбіш.

«Достарымның үйіндегі тұрақ қазір ақылы болып кеткен. Олар үйіне келсе, сағат 20:00-ден кейін тегін. Өз үйінің алдында тұрып, ақша төлеп жатыр. Ол қате деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Серік Белгібеков.

Сарапшылар ақылы автотұрақтар мәселесін шешу үшін арнайы қосымшаларды жетілдіру қажет екенін айтты. Олардың пікірінше, егер жүйе жүргізушінің тұраққа кірген және шыққан уақытын нақты тіркесе, артық төленген қаражатты қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ тұрғын үй аулаларындағы ақылы тұрақтарға қатысты ойын айтты. Егер азамат сол үйде тіркеуде екенін дәлелдейтін құжат көрсетсе, тұраққа тегін қоя алады. 

«Мәскеуде егер сіз қаланың орталығында болсаңыз, ақылы тұрақтар 200 рубль тұрады, ал тұрғын үйлердің маңындағы тұрақтар 30 рубль. Бұл тұрғындарға емес, сырттан келетін жүк немесе өзге көліктер орын алмас үшін жасалған», – деді сарапшы Алексей Алексеев.

Астанадағы ақылы автотұрақтар жергілікт биліктің қарамағына толықтай өтуі мүмкін. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 2024 жылдан бастап ақылы тұрақ компанияларымен келісімшартты үзу қолға алынған.

«2025 жылдың 6 ақпанында мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартын бұзу рәсімдеріне қатысты қосымша келісімге қол қойылды. Жеке әріптес  «Астананың паркинг кеңістігі» ЖШС коммуналдық меншікке берілгенге дейін келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындауды жалғастырады. Сондықтан барлық ақылы автотұрақтар бұрынғы тәртіппен жұмыс істеп тұр», – деді Астана қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақылы автотұрақ мәселесі Мәжіліс мінберінде де бірнеше рет көтерілген. Соңғы жиындардың бірінде депутат Асылбек Нұралин көлік нөмірін автоматты танитын фото және бейнебақылау жүйесін енгізіп, пайдаланылмаған уақыт үшін қаражатты қайтаруды ұсынған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Жетісу ауданында 26 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті