Қаламен байланыс үзіледі: Тараз іргесіндегі шағын өткелде көліктер суға түсіп кеткен

03.10.2025 20:50

Шайқорық станциясындағы көпірді тұрғындар 20 жыл бұрын салған

Тараз қаласы іргесіндегі станция тұрғындары «қаламен байланыс үзілетін болды» деп алаңдап отыр. Себебі Шайқорық тұрғын алабындағы жалғыз көпір әбден тозған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шайқорық станциясындағы шағын өткелді тұрғындар 20 жыл бұрын салған. Қазір бетондарында жарықшалар пайда болып, әр жерден тесіле бастаған. Жұрт өз бетінше шағыл тас төсеп, жөндегенімен нәтиже болмай отыр.

«Шайқорықтың адамдары айналып жүрмейді, осы жермен шығады. Сабаққа да көпір арқылы барады. Ол сынса, халық өткелсіз қаламыз.  Екі- үш рет жиналысқа бардық. Әкім құрғақ уәде береді», – деді қала тұрғыны Рахат Шахаев.

Жұрт жақтауы мен қоршауы жоқ өткелден өту аса қауіпті екенін айтты. Әсіресе қыстыгүні жер тайғақта бірнеше көлік су арнасына құлап кеткен. Сондықтан автобус пен жедел жәрдем мұнда келуді қойған.

«Былтыр суға 3 машина түсіп кетті. Көшедегі адамдар тартамыз, шығарып жатырмыз», – деді қала тұрғыны Райымбек Жанысбаев.

Ал қала билігі станция биыл ғана қала құрамына енгенін айтты. Ол бұған дейін Жамбыл ауданына қарайтын. Сондықтан енді көңіл бөлмек. Дегенмен жаңа өткелді салу жұмысы тек алдағы жылдары қолға алынады.

«Ауыл қалаға жаңа қосылды. Алдыңғы жылға смета жасап көрейік. Ол қолдау тапқан жағдайда, алдағы жылдары жасаймыз. Бірақ оны күтпей, 1-2 аптада қалыпқа келтіріп, тұрғындарға жағдай жасауымыз керек», – деді қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Шоғалов.

Таразда қазір бірнеше көпір апатты жағдайда тұр. Бірі аудандармен жалғаса, енді бірі шаһарды Алматы бағытына апарады. Оны қайта жаңғырту үшін 5 миллиард теңгеден аса қаржы қажет.

Нұрғиса Қаржаубай Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Ақылы тұрақ: астаналықтар өз ауласында көлігіне ақы төлеуге мәжбур