Облыстағы 3 қалада 4 мың бейнебақылау камерасы орнатылады
Павлодар облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект қолданылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңір әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, келесі жылы "ақылды қала" жобасы аясында облыстағы 3 қалада 4 мың бейнебақылау камерасы орнатылады. Аналитикалық платформа мен жасанды интеллект арқылы 150 көшенің қиылысы мен 250 көше және 20 республикалық жол назарда болады.
"Жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл бағытта 156 әлеуметтік нысанда 5567 бейнебақылау камералары орнатылды. Оның 97 пайызы Полиция департаментінің жедел орталығына шығарылды", – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Өңірде Президент тапсырмасына сай білім беру орталықтарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 1200 және 600 орындық 2 білім ошағының құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы наурызда пайдалануға беріледі. Облыстағы қосымша білім беру орталықтары да басты назарда.
"Біз балаларға қосымша білім беруге және олардың бос уақытын ұйымдастыруға көп көңіл бөлудеміз. Екі жаңа орталықты аштық. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Екібастұз қаласындағы "Самғау" атты балалар шығармашылық орталығы келесі айда қолданысқа беріледі", – деді әкім.
Оқи отырыңыз: Тараздағы тұрғындар ауыз сусыз қалды