Экономикалық тергеп-тексеру мамандары ардагерлерге жеке деректерді қорғау жолдары мен қаржылық қауіпсіздік мәселелерін сөз етті
Кейінгі уақытта алаяқтықтың түрі көбейіп, айла-тәсілдер күрделене түсті. Әсіресе егде жастағы адамдар киберқылмыстың құрбанына айналады. Осыған байланысты Алматының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» зейнеткерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Экономикалық тергеп-тексеру мамандары ардагерлерге жеке деректерді қорғау жолдары мен қаржылық қауіпсіздік мәселелерін сөз етті.
«Қаржыпирамидалар көбейіп жатыр, ЖИ программасын қолданып, біреудің атынан сөйлеп, олардың түрін өзгертіп алаяқтар жұмыс жасап жатыр. Зейнеткерлерге түсіндіріп, алдын алу жұмыстарын жүргіздік», – деді Ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Бауыржан Рахым
«Біздің орталық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және полиция өкілдерімен бірнеше кездесу өткізді. Мұндағы ардагерлер жиыннан көп маңызды ақпар алып, күнделікті өмірде қолданып жүр», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Сәуле Бекетаева.
Арнайы шақыртылған мамандар телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең тараған түрлеріне тоқталып, азаматтарға сақ болудың тиімді жолдарын ұсынды. Басқосуға қатысқан егде жастағы тұрғындар белсенділік танытып, департамент өкілдеріне көкейдегі сұрақтарын қойды.
«Маған алаяқтар бірнеше рет хабарласып жеке деректерімді алмақшы болған. Мен код айтпасам болды деп жүрдім. Қазір олар басқа амал-тәсілдерге көшкен. Маған емханадан хабарласып, рентгеннен өтуіңіз керек деп қоймай шақырды. Содан кейін қоңыраулар көбейді», – деді зейнеткер Людмила Максимова.
Оқи отырыңыз: Заңсыз сауда: ұрланған автокөліктерді заңдастырған қылмыстық топ ұсталды