Алаяқтық қарыздың рәсімделуіне қалай жол бермеу керек

13.09.2026 09:37

Алаяқтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген кредит алып беруге уәде етуі мүмкін

Аlmaty.tv

Қазақстанда алаяқтар азаматтардың атына онлайн кредит рәсімдеу үшін әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолдануды жалғастырып жатыр. Олар банк, мемлекеттік орган немесе байланыс операторының қызметкері ретінде танысып, адамның сеніміне кіруге тырысады, деп хабарлайды Almaty.tv Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Көп жағдайда схема телефон қоңырауынан немесе хабарламадан басталады. Алаяқтар алдымен SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Кейін өзін банк, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырған басқа адам қоңырау шалып, азаматтың атына кредит рәсімделіп жатқанын немесе шотында күдікті операция бар екенін айтады.

Одан кейін қаскүнемдер «ақшаны қорғау», «кредитті жою» немесе алаяқтықтың алдын алу үшін «техникалық», «қарсы» немесе «қорғаныш» кредит рәсімдеуді ұсынады. Азаматты биометриялық сәйкестендіруден өтуге, мобильді қосымшадағы операцияларды растауға, экранды көрсетуге немесе екінші телефон қолдануға көндіреді.

Кредит рәсімделгеннен кейін ақшаны «қауіпсіз», «резервтік» немесе «арнайы» шотқа аударуды сұрайды. Алайда мұндай шоттар алаяқтардың бақылауында болуы мүмкін. Нәтижесінде қарызды өтеу міндеті азаматтың өзіне қалады.

«Жеңілдетілген кредит» туралы ұсыныстардан сақ болыңыз

Алаяқтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген кредит алып беруге уәде етуі мүмкін. Ол үшін түрлі қосымшаларды орнатуды, биометриялық сәйкестендіруден өтуді немесе банк пен микроқаржы ұйымының қосымшасына кіруге мүмкіндік беретін деректерді беруді сұрайды.

Осы арқылы қаскүнемдер азаматтың атына онлайн қарыз рәсімдеп, қаражатты өздері бақылайтын шоттарға аударуы мүмкін. Мұндай кредит туралы адам көбіне қарызды өтеу туралы хабарлама келген кезде ғана біледі.

Қандай белгілерге мән беру керек?

Агенттік мына жағдайларға ерекше назар аударуға шақырады:

  • «қауіпсіздік үшін» немесе «кредитті жою үшін» қарыз рәсімдеуді талап ету;
  • телефонға қосымша орнатуды шұғыл сұрау;
  • экранды көрсетуді немесе бейнебайланыс қосуды талап ету;
  • биометриялық сәйкестендіруден өтуге мәжбүрлеу;
  • қорқыту, психологиялық қысым көрсету немесе асықтыру;
  • жеңілдетілген кредитті оңай рәсімдеп беруге уәде ету;
  • қаржылық жағдайға қарамастан кредиттің міндетті түрде мақұлданатынын айту.

Есте сақтаңыз: банктердің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері кредитті кейін жою үшін рәсімдеуді, белгісіз қосымша орнатуды, мобильді қосымшаға қашықтан қол жеткізуді немесе телефон экранын көрсетуді талап етпейді.

Алаяқтардан қалай қорғануға болады?

Агенттік азаматтарға:

  • SMS және push-хабарламалардағы кодтарды ешкімге айтпауға;
  • бейтаныс адамдардың телефон, мессенджер немесе әлеуметтік желі арқылы берген нұсқауларын орындамауға;
  • белгісіз қосымшаларды орнатпауға;
  • телефонды бөгде адамдарға бермеуге;
  • мобильді банкингті пайдаланғанда экранды көрсетпеуге;
  • күрделі құпиясөздер мен екі факторлы аутентификацияны қолдануға;
  • банк хабарламалары мен кредит тарихын тұрақты тексеруге;
  • «Стоп-кредит» сервисін пайдалануға кеңес береді.

Күмән туындаған жағдайда банкке немесе микроқаржы ұйымына қоңырау шалушының берген нөмірі арқылы емес, ұйымның ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласқан дұрыс.

Егер алаяқтардың ықпалымен сіздің атыңызға кредит рәсімделсе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми сайтында жариялаған «Егер сіздің атыңызға алаяқтық кредит рәсімделсе не істеу керек?» жадынамасындағы нұсқаулықтарды орындауды ұсынады.

Оқи отырыңыз: Шашты қаншалықты жиі жуған дұрыс

Толық көрсету