Алаяқтық: елімізде несие кешірудің жаңа механизмі іске қосылмақ

02.06.2025 20:13

Алаяқтар қазақстандықтардың атынан 6 мыңнан аса несие рәсімдеген

Алаяқтар қазақстандықтардың атынан 6 мыңнан аса несие рәсімдеген. Ал шығын 100 млрд теңге. Бұл былтырғы көрсеткіш. Өкініштісі биыл да дерек азаймаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алмаған несие үшін ай сайын ақша төлеп отырғандардың бірі – Гүлчехра Аширматова. Алаяқтар азаматтың күйеуінің атына 1,5 миллион теңгеге несие рәсімдеп жіберіпті. Ал банк сәйкесінше, қарызды төлеуді талап етеді. Қызығы, Гүлчехра мен жұбайы ешқандай келісімге қол қоймаған. Олар басында шындықты дәлелдемек болып біраз тырысқанымен, еш нәтиже болмапты.

«Менің жолдасым банкке барғанда, «Ойбу, көке алданып қалдыңыз ба, не істейсіз енді? Төлей бересіз» депті. Төлеп жүрдік. Мәселені шешу мүмкіндігі бар екен, әрекет жасаймыз», – деді қала тұрғыны Гүлчехра Аширматова. 

Мамандар «егер атыңызға алаяқтар несие ресімдесе, дер кезінде әрекет ету маңызды» дейді мамандар. Алдымен банкке, полицияға және қаржы реттеуші органдарға жүгініп, құқыңызды қорғаңыз. Ертерек қамдансаңыз, мәселені оңтайлы шешуге болады. Мәселен, түркістандық тұрғындар үшін «Халық заңгері» акциясының аясында бірқатар түйін тарқаған. Республика көлемінде ұйымдастырылған науқанда білікті заңгер мен адвокаттар құқықтық сауалдарға жауап береді.

«Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Құқықтық сауатын арттырғанда барлық заңды білу емес, тұрғындар керекті заңнан хабардар болды», – деді облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Мұхит Тұрғараев. 

Мамандардың айтуынша, елімізде несие кешірудің жаңа механизмі іске қосылмақ. Бүгінде алаяқтық жолмен алынған қарыздарды сотқа дейін есептен шығарудың жаңа тетігі енгізіліп жатыр. Оған сәйкес, банктер немесе микроқаржы ұйымдары мұндай несиені сотқа дейін есептен шығаруға, яғни кешіруге міндеттеледі. 

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Халық заңгері: биыл 3000-ға жуық алматылық құқықтық кеңес алды