Жоба Мемлекет басшысымен айқындалған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталды
Алматы мен елдің барлық қаласында «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаматтардың құқықтық сауатын арттыруды көздейтін жоба биыл Мемлекет басшысымен айқындалған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталды. Дәстүрлі іс-шарада халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетіледі.
Биылғы іс-шарада 3000-ға жуық алматылық құқықтық кеңес алып, өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік алды. Оларға 40-қа тарта мемлекеттік орган қызметкерлері, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының «Pro bono», яғни құқықтық көмек көрсету бағыты бойынша 100-ден астам тәжірибелі заңгерлер мен адвокаттар ерікті ретінде көмек көрсетті. Жастар арасындағы еріктілер өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырып, халыққа бағыт-бағдар беруге атсалысты. «Халық заңгері» акциясына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, Республикалық адвокаттар алқасының үздік мамандары мұрындық болды.
«Акция халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге бағытталған. Сонымен қатар, азаматтардың құқығын білуі, қоғамда мүддесін қорғай алатын белсенді азаматтық қоғам құруға бағытталған маңызды қадам деп есептейміз», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Арман Рахимов.
Кеңес сұрағандардың басым бөлігі тұрғын үй мен жер дауына, салық мәселесіне, отбасылық және еңбек құқықтарына қатысты сұрақтармен жүгінді. Келушілердің арасында жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен студент жастар болды. Заңгерлердің айтуынша, көптеген қателік құқықтық сауаттың төмендігінен туындайды.
«Елімізде халықтың басты проблемаларының бірі – заңды білмеуі. Құқықтық сауаттылықтың төмен деңгейі. «Халық заңгері» атты әлеуметтік акция – еліміз, халық үшін өте пайдалы. Ең алдымен құқықтық сауаттылықты арттырамыз», – деді Алмалы ауданы бойынша «Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Эльмира Таубаева.
«Тамаша ұйымдастырылған іс-шара, мені мұқият тыңдады. Әсіресе, тұрғын үй комитетіне алғысым шексіз. Олар маған 1990 жылдан бері тұрған кезегімді қайта қалпына келтіруге көмектесті», – деді қала тұрғыны Жәудет Сейфуллин.
«Халық заңгері» жобасы аясында 8 жыл ішінде 10 мыңға жуық маман 300 мыңнан астам азаматқа құқықтық көмек көрсеткен. Мұндай бастамалар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
Аяулым Жұмабек, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Павлодар заңсыз саудамен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті