Сонымен қатар, сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынады
«Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Антикорға сілтеме жасап.
«Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Алакөл мемлекеттік қорығы» РММ директоры Қ. Әбілқасымов, оның орынбасары Н. Бейсенов және бөлім басшысы Р. Шалапанов сотталды. Олар қызмет көрсетілетін аумақта заңсыз шөп шабу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті тұрғындардан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Абылқасымов пен Шалапановтың әрқайсысына 10,5 млн теңге, ал Бейсеновке 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Осы үкіммен, Алакөл ауданының тұрғындары О. Булгунчинов мен К. Канагатов аталмыш лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін сәйкесінше 6 млн теңге және 2,2 млн теңге айыппұлға сотталды», — делінген Антикор хабарламасында.
Сонымен қатар, сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Оқи отырыңыз: Басын жей жаздады: Акуланың адамға шабуылы видеоға түсіп қалды