Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург архивтерінен сирек қорлар табылды

Тіл білімі институтының қызметкерлері 400-ге жуық құнды еңбекті электронды форматта елге жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Санкт-Петербург қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш ардақтыларына қатысты бұрын-соңды ғылыми айналымға енбеген сирек қорлар табылды, деп хабарлайды Amaty.tv.

Ресейдің мәдени астанасына барған Тіл білімі институтының қызметкерлері тарихи салмағы зор, бағасы өлшеусіз 400-ге жуық құнды еңбекті электронды форматта елге жеткізді.

Әсем Нышанәліқызы – тіл маманы. Бүгінде ол Тіл білімі институтында қабілетін ұштап, ғылыми ізденіске ден қойған. Жуырда жас зерттеуші әріптестерімен бірге Ресейдің Санкт Петербург қаласына 10 күндік жоспарлы іс-сапарға аттанып, бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген сирек кездесетін қорларды тапқан. Барынша суретке түсіріп, электронды форматта елге жеткізуге тырысыпты

"Көптеген жерге бардық. Мысалы Ресей ұлттық және Орталық ғылыми кітапханасында болдық.  Шығыстану институтына бардық. Сонымен қатар кино-фото-фон құжаттар архивін көрдік.  Бірақ өзімізге тиесілі құжаттарды ала алмадық. Себебі ол жерде талап,  шектеу бар. Жұмыстары да көп болды. Уақыт тығыз болды", - деді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің қызметкері Әсем Нышанәліқызы.

Тіл білімі институтының өкілдері Ресейдің сегіз бірдей іргелі ғылыми ордасының табалдырығын тоздырып, бағасы биік, тарихи салмағы ауыр дүниелерге қол жеткізіпті.

Атап айтқанда, Телжан Шонанұлының бұған дейін беймәлім болып келген кітаптары, Міржақып Дулатұлының тың аудармалары, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» атты еңбегінің алғашқы басылымы секілді 400-ге жуық еңбектің электронды нұсқасын елге әкелген.

"Біз таба алмай жүрген, ала алмай жүрген, қолымыз жетпей жүрген деректер бар еді.  Осы сапар сол үшін жасалды. Өте жақсы қорлар сақталған. Өйткені ол кезінде империяның астанасы болған.  Империя көлеміндегі шыққан еңбектердің қандай да бір данасы жіберілуі міндетті. Барған кезде өте жақсы сақталған қорға тап болдық", - деді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі Ермұхамед Маралбек.

"Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына есеп құралынының  толық басылымдар жинағын дайындап жатқанбыз. Осы Алматыда, Қазақстанда жоқ есеп құралының 1914 жылғы бірінші жылдықтың бірінші басылымы. Екінші жылдықтың бірінші басылымдарын  Санкт-Петербург қаласынан алдық. Бұл жақта  сапасы өте нашар және толық емес. Ал Ресейден бүкіл есеп құралының толық басылымын жинап алып келдік", - деді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің қызметкері Әйгерім Құралбай.

Айта кетейік, жас зерттеушілер ұстаздарымен бірлесіп, алдағы уақытта Омбы, Баку секілді ғылыми-мәдени орталықтарға іс-сапар ұйымдастырып, ондағы сирек мұра қорларымен жете танысуды жоспарлап отыр.

Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желілерде білім беретін контенттерге талап күшейтіледі

Новости партнеров