Былтыр көршісінің ауласында құрғақ шөп тұтанып, қос бірдей тұрғын үй күлге айналған
Бүтін бір отбасы баспанасыз қалды. Алатау қаласы Жетіген шағынауданында былтыр жекеменшік тұрғын үй өртеніп, 7 адам үй-күйсіз күн кешіп кеткен. Шаңырағын қалпына келтіруге шамасы жетпеген жанұя қазір жалдамалы пәтерде тұрып, халықтан көмек сұрауға мәжбүр, деп
Қайғылы жағдай былтыр қараша айында болған. Көршісінің ауласында құрғақ шөп тұтанып, қос бірдей тұрғын үй күлге айналған. Тұрғындардың айтуынша, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды бірден сөндіре алмаған. Себебі жарты ғасыр бұрын салынған үйлер ағаштан тұрғызылған. Көпшіліктің айтуынша, мұнда әлі де шешілмеген мәселе шаш етектен. Алда-жалда апат бола қалса, арнайы қызметтің жетуі де қиын көрінеді.
«Көше тар, жол, су жоқі. Шамамыз келгенше жолды тегістеп қойдық», деді Алатау қаласының тұрғыны Дархан Қасымов
Тілсіз жаудың тауқыметін тартып отырған Лобановтар отбасы бір шаңырақтың астында тұрып келген. Зейнетке шыққан ата-ана, ерлі-зайыпты және балалар бар. Ең кішісі небәрі 7 айлық. Алғашында туыстарын паналап, қазір өзгенің үйін жағалап жүр. Қолдың қысқалығы баспананы қайта тұрғызуға мүмкіндік бермей отыр. Қалааралық жүк көлігінің жүргізушісі болған отағасы Константин Лобанов бүгінде жұмысынан айырылған.
«Бүкіл дүниеміз, ақшамыз өртеніп кетті. Кредитімізді төлей алмай қалдық. Банктерге барып, өтініш жаздық. Нәтиже болмады. Несие төленбегендіктен күйеуімнің көлік жүргізу куілігін алып қойды, жұмыссыз қалдық. Ата-енемізге қарап отырмыз. Ол кісілердің зейнетақысы 80 мың теңге», деді отбасы мүшесі Венера Сүйербаева.
Өрттен зардап шеккен отбасына жергілікті әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетілген. Аудандық мәслихат шешімімен былтыр желтоқсан айында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай жәрдем беріліпті. Сондай-ақ еріктілер бастамасымен арнайы қор да ашылған.
«Зардап шеккен азамат Лобанов Константин Прокофевьичке әлеуметтік бір жолғы, мұқтаж азаматтарға көрсетілетін төлемнен 1 млн 570 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіліп, төленген. Ол кісілерге жатақхана ұсынылған. Алайда өздері туыстарымыздың үйінде тұрамыз деп бас тартқан», деді Алатау қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлмира Қайырғалиева.
Бүгінде Алатау қаласы жаңа мәртебе алып, үлкен өзгерістер алдында тұр. Ал тілсіз жау салдарынан тұрғын үйінен айырылған Лобановтар отбасы қиындыққа қармастан қайырымды жандардан үмітін үзбейді. Қаржылай қолдау немесе құрылыс материалдарымен көрсетілген көмек үйді қалпына келтіруге мүмкіндік бермек деп, үлкен сенім артып отыр.
Олжас Омарбек, Әлішер Ерғалұлы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Жылыой ауданында тасқынға қарсы ірі жоба аяқталды