Жылыой ауданында тасқынға қарсы ірі жоба аяқталды

Нысан секундына 10 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Жылыой ауданында тасқынға қарсы ірі жоба аяқталды. Жем өзені арнасындағы су ағынын реттеуге арналған гидрошлюз іске қосылды. Нысан секундына 10 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Апат айтып келмейді. Осыдан екі жыл бұрынғы тасқын соның көрінісі. Бейқамдық салдарынан тұтас Жылыой су астында қалған. Қазір ауданның ахуалы қалыпқа келген. Мысалы, тасқын кезінде құрылысы тоқтап қалған гидрошлюздер іске қосылды. Жем өзеніндегі құрылым қалаға келетін су көлемін реттеп, қауіптің  алдын алады.  Тоспаның биіктігі үш жарым, ал ұзындығы 125 метрді құрайды.

«Тасқын суды реттеуге арналған. Ұлы Жем Құрсай екіге бөлінеді. Құрсай арқылы біз Қамыскөлді толтырамыз. Содан шығып Тасшағыл деген жер бар жеммен барып ұштасып Каспий теңізіне барады. Осы арқылы суды ұстайды,тасқынға төтеп береді. Жем арнасы 95 шақырым тереңдетіліп, 65 шақырымға бөгет  тұрғызылды», деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов .

Ауданда ауыз су мәселесі де өткір тұр. Тұрғындарды тұқыртқан түйткіл де биыл шешілмек.  Қазір мұнда қуаттылығы 18 мың шаршы метрді құрайтын жаңа су тазарту стансасы салынып жатыр. Кешен толық автоматтандырылған. Суды тазалау 3 кезең бойынша жүргізіледі. Осылайша халық таза тіршілік нәріне қол жеткізеді. 

«Үш кезеңнен өтеді, мамырда қосу ды жоспарлап оырмыз. Қазір 15-20 шақты адам жұмыс істейді. Қауіпсіздік жағы толық автоматырылған»,  деді мердігер мекеме өкілі Мерей Ізбасаров

Ал баспаналары су астында қалған тұрғындарға «Болашақ» деп аталатын жаңа ықшамауданнан баспана берілген. Сонымен қатар кәсібі тоқтап, шығынға батқан бизнес өкілдеріне өтемақы төленіпті. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта инфрақұрылым және әлеуметтік салаға басымдық берілмек.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға Ұлыбританияға виза алу жеңілдеуі мүмкін

Новости партнеров