Алатаудан Алматыға аэротаксимен 15 минутта жетуге болады - Бозымбаев

20.03.2026 16:37

Жаңа Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі — шағын авиацияны дамыту болмақ

Видеодан кадр

Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев «төмен биіктіктер экономикасы» туралы айтты және оның жаңа Алатау қаласында қалай енгізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қ. Бозымбаевтың айтуынша, жаңа Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі — шағын авиацияны дамыту болмақ.

— Алатау қаласы Қытайдан тыс жерде алғаш рет, мысалы, аэротакси немесе дрондарды 120 метрден жоғары биіктікте ұзақ қашықтыққа сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін орынға айналады. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе тек Қытайда, Шэньчжэнь қаласында жүзеге асырылған. Оны биылдың өзінде бастаймыз деп үміттенеміз. АҚШ-тағы осы саладағы жетекші компаниялардың бірі — Joby Aero компаниясымен келіссөздер жүргізіп, бірқатар құжаттарға қол қойдық. Олардың аэротаксилеріне 15 жылға кезек бар. Сондай-ақ қытайлық AutoFlight компаниясымен де жұмыс істеп жатырмыз, — деді Қ. Бозымбаев бірлескен отырыс барысында.

Спикер елде квадропорттар салу да жоспарланып отырғанын атап өтті. Олар Алатау, Қонаев қалаларын, Алматының бірқатар нүктелерін және туристік бағыттарды байланыстырады.

— Бұл бағыт бойынша жылына шамамен 8 миллион туристі қамту мүмкіндігін бағалап отырмыз. Бұл үлкен айналым, сондықтан осы әлеуетті пайдалануымыз қажет. Енді елестетіп көріңіздер, бұл аэротаксилер сағатына шамамен 300-350 шақырым жылдамдықпен ұшады. Алматы облысы, Алатау және Алматы арасындағы осы үш бағыт бойынша алғашқы кезеңде, алдағы екі-үш жылда, арнайы бөлінген бағыттармен әуе арқылы 10-15 минутта жетуге болады. Бұл – ұшқышсыз авиация, — деп толықтырды ол.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады