Алдағы үш тәулікте еліміздің басым бөлігінде көктайғақ болады

10.11.2026 21:10

Полиция қызметкерлері 1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелек тақпаған көлік иелеріне айыппұл салынатынын еске салды

Алдағы үш тәулікте еліміздің басым бөлігінде көктайғақ болып, жол қозғалысы қиындауы мүмкін. Синоптиктер ауа райының күрт құбылатынын ескертіп, жүргізушілерді сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қыс мезгілі жақындаған сайын көлік жүргізушілерінің де қамы күшейеді. Әсіресе, жазғы дөңгелекті қысқысына ауыстыруды кейінге қалдырмаған жөн. Себебі алғашқы аяз бен көктайғақ жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Шиномонтаж орталықтарында да жұмыс қыза түсуде. Ал қысқы дөңгелек таңдауда жүргізушілердің алдында тағы бір таңдау туындайды. Мамандардың пікірін біліп көрдік.

«Жүргізушілер қала сыртына да жиі шығады. Ондай жерлерде жолда қар үйінділері мен тазаланбаған учаскелер кездеседі. Сондықтан мұндай жағдайда шегелі дөңгелектерді таңдаған дұрыс. Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, тежеу кезінде олардың тиімділігі фрикциялық (шипасыз) шиналарға қарағанда жоғары», – деді автокөлік дөңгелегін сату жөніндегі менеджер Айдар Жаналинов.

Ал астаналықтардың қысқа дайындығын өздерінен сұрап білдік.

«Шегесіз дөңгелек таңдап жатырмын.  Ол бір маусымнан кейін шегелері ұшып кетіп жатады. Ал фрикциялық дөңгелек болса, біраз уақыт жүруге қолайлы», – деді қала тұрғыны Азамат Сабыр.

«Шегелі дөңгелек таңдадым. Қала ішінде де, қала сыртына шыққанға да сол дұрыс. Көктайғақ кезінде таймайды», – деді қала тұрғыны Ерғали Бектелеу.

Мамандар қысқы дөңгелекке ауысудың нақты мерзімін күтпей, ауа райына мән беруге кеңес береді. Күндізгі температура +5…+7 градустан төмендеп, түнде үсік байқала бастаса, жазғы дөңгелекті қысқысына ауыстырған жөн. Бұдан бөлек, дөңгелектің тозу деңгейін де үнемі тексеріп тұру қажет.

«Дөңгелекті ауыстыру қажет екенін білдіретін бірнеше белгі бар. Мәселен, дөңгелекте ақаулар мен қабаттардың ажырауы байқалса немесе әр ауыстырған сайын дұрыс теңгерімге келтіру қиын болса, оны жаңасына ауыстырған жөн. Ал шегелі шиналардың басым бөлігі түсіп қалса, оларды да міндетті түрде ауыстыру қажет», – деді автокөлік дөңгелегін сату жөніндегі менеджер Айдар Жаналинов.

«Қазгидромет» мамандары да алдағы үш тәулікте еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болатынын хабарлайды. Кешегі түннің өзінде Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 744-тен астам жүргізуші кері қайтарылды. Бұл – қысқы дөңгелекке әлі ауысып үлгермеген жүргізушілер үшін маңызды ескерту.

«Жауын-шашын жаңбыр және қар түрінде, кейде аралас жауады. Көктайғақ болуы мүмкін. Тек еліміздің батысында 11–12 қарашада жауын-шашын жаумайды. Республика бойынша желдің күшейіп, түнгі және таңертең тұман түсуі ықтимал», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері 1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелек тақпаған көлік иелеріне айыппұл салынатынын еске салды. Айыппұл көлемі 21 мың 625 теңгеден 86 мың 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Заң талабы бойынша қысқы дөңгелекті 28 ақпанға дейін пайдалану міндетті.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Жазғы шинамен жүрген жүргізушілердің қозғалысына шектеу қойылды

Толық көрсету