Сот орындаушылары кәсіпкердің есеп-шотын бұғаттаумен ғана шектелген
Талдықорғанда бір топ азамат құрылыс компаниясынан ақшасын ала алмай жүр. Олар аталмыш мекемеге тұрғын үй, зауыт тұрғызу ісін сеніп тапсырып, сан соғып қалған. Құрылысы жүрмей, баспанасы бітпей, салы суға кетіп сандалған азаматтар полициядан «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғауды сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv
Талдықорғаннан жер телімін сатып алған Серік Еділов үй салам деп 7 жыл бойы ақша жинаған. Былтыр баспананың іргетасын құймақ болып, құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырған. Жұмыс ақысының 70 пайызын алдын ала төлеп те қойыпты. Алайда ақшаны санап алған кәсіпкер ұшты-күйлі жоқ болған.
Келісімшартқа қолын қойып, мөрін басты. Бірақ жұмыс орындалмады. 1-2 ай өтті, негізі 14 күннің ішінде жұмысты аяқтау керек. Үш айдан өткен соң, сотқа бердім, – деді Кербұлақ ауданының тұрғыны Серік Еділов.
Аталмыш компаниямен келісімшартқа отырып, жер сипап қалған жалғыз Серік қана емес. Талдықорғаннан тағы 10 адам осындай жағдайға тап болған. 2022 жылдан бері бірі үй, екіншісі зауыт салуға келісім жасасқан. Олар ұзақ уақыт бойы не жұмысты істете алмай, не ақшаны ала алмай сандалып жүргенін жеткізді. Шығын көлемі 40 млн теңге. Ал кәсіпкер бастаған бизнесім жүрмей, қаржылық қиындыққа тап болдым деп ақталып отыр.
Ол кісілерге бөліп-бөліп төлеп жатырмын. Жылдың аяғына дейін толық төлем жасаймын. Шамалы сабыр етсеңіздер, – деді құрылыс компаниясының директоры Балғын Байханов.
Ал тұрғындар құрғақ уәдеге сенбейді. Олар полициядан алаяқтық бабы бойынша іс қозғауды талап етті. Өйткені сот шешімінің шыққанына бір жылға жуықтап қалған.
Балғынға сеніп, 2,5 жыл уақытым кетті. Бір миллион 430 мың теңге кетті. Полиция неге қылмыстық іс ашпайды? Неге оны қамамайды. Ол неге адамдарды алдап жүр? – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлнәр Садырбаева.
Сот орындаушылары кәсіпкердің есеп-шотын бұғаттаумен ғана шектелген. Себебі атында дүние-мүлкі болмағандықтан қарызды өндіру мүмкін емес. Ал заңгерлер зардап шеккендердің көптігін ескере, істі қылмыстық кодекспен қарауға негіз бар екенін жеткізді.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы