Атырау облысы Алға ауылындағы білім мен мәдениеттің ауылы әлі алыс. Себебі елдімекенде мектеп, балабақша мен мәдениет үйінің тоз-тозы шыққан. Оқушылар спорттық киім мен түскі ас дегенді білмейді. Себебі қабырғасы жарты ғасыр бұрын қаланған білім ұясының акт залы мен спорт залын айтпағанда, асханасы да жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа оқу жылының басталуына тура бір апта қалды. Алғалық оқушылар биыл да сабақты тар әрі ескі сыныпта оқуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарыныі айтуынша, тозығы жеткен оқу ордасында ұл-қыздарының білім сапасы нашарлап барады. Сонымен қатар ескі мектепте асхана, спорт зал, арнайы пәндерді оқытатын кабинет жоқ.
«Мектептің салынғанына 50 жыл болды. 320 орындық мектепте 500ге жуық бала оқып жатыр. Заманға сай кабинеттер, акт зал жоқ, спортзал тар. Еңбек кабинеті технология кабинеттері болуы керек. Ол да жоқ. Асханасы ескі.», деді ауыл тұрғыны Ғабиден Әбдешов.
Өркениеттен ада қалған алғалықтарды тек мектеп мәселесі емес, ауылдағы мәдениет үйі мен балабақша тапшылығы да алаңдатып отыр. Соның салдарынан бүлдіршіндерді жұрт амалсыз өзге ауыл мен аудан орталығына апаруға мәжбүр.
«280 орындық балабақша салынады деген, бірақ сиырқұйымшақтанып салынбай келеді. Әлі бірде бір нышан байқалмайды. Уәде бердің ба, орында. Бірақ сөзден еш пайда көріп тұрған жоқпыз», деді ауыл тұрғыны Науша Мырзағалиева.
Жергілікті билік аталған мәселеден хабардар. Бірақ әзірге халықты қуантарлықтай жаңалығы жоқ. Тек құрылыс басқармасына жаңа мектеп салуға ұсыныс берген. Ғимараттың қабырғасы келесі жылы қаланады.
«Баланың сыйымдылығы қынжылтып тұр. Мектеп тар. Кабинеттер стандарттарға келмей жатыр. Сол бойынша сұраныс бердік. Құрылыс басқармасына салалық қорытынды дайындап 300 орындық жаңа мектеп салуға келесі жылға жоба жасақтап жатыр. Биыл еншіде жоқ», деді Алға ауылдық округінің әкімі Расул Мусин
Ауылдағы әлеуметтік нысандар мәселесі әзірге сұраныс пен ұсыныс жағдайында тұр. Сондықтан алғалық оқушылар жаңа оқу жылын тағы да тозығы жеткен ғимаратта бастайды.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Мектепке жол: Алматыда оқуға қажетті кеңсе тауарлары таратылды