«Алғашқы кітап»: Абайдың мұрасын арқау еткен деректі фильм түсірілуде

30.09.2025 13:01

Ең бастысы бұл фильм ұлы Абайдың алғашқы кітабының жарыққа шығуы жайын, оның қиын-қыстау жолын жан-жақты баяндайды

Almaty.tv

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды.

Абайдың кім екендігін, оның шығармаларының қазақ руханиятындағы мән-мағынасын ашып көрсететін бұл деректі фильм көрермендер тарапынан ықыласқа ие болады деп ойлаймыз.

Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй - жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған.

Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания архивтерінде, жекелеген музейлер мен альбомдарда жинақталғаны белгілі. Біразы Орталық музей қорында бар. Міне, осы суреттерді арнайы өңдеу арқылы деректі фильмде молынан пайдаланамыз. Қысқаша түсініктеме берсек, Абай заманынан, қоршаған ортадан ақпар беретін таңдама фотосуреттер нақты драматургия бойынша орналастырылып, құрастырылады.

Содан соң ол суреттерге 3D, VFXтәсілдерін ретіне қарай пайдалана отырып, рельеф, қимыл  қозғалыс жүктеледі. Шығармашылық топ Абайдың алғашқы кітабын жарыққа шығарған Кәкітай жолымен жүріп өтеді.

Ең бастысы бұл фильм ұлы Абайдың алғашқы кітабының жарыққа шығуы жайын, оның қиын-қыстау жолын жан-жақты баяндайды.

Оқи отырыңыз:  Алматыға «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы үшін 5 мыңнан астам шетелдік турист келді