Алматы ауданы бойынша алимент төлемей жүрген азаматтардың қарызы 2 миллиард теңгеге жеткен
Алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге тосқауыл күшейді. Заң алдындағы жауапкершілікті ескерусіз қалдырған азаматтар енді мүліктен де, көліктен де айырылады. Бұл туралы Алматының Алмалы аудандық прокуратурасында өткен жиында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ресми деректерге сүйенсек, аудан бойынша алимент төлемей жүрген азаматтардың қарызы бүгінде 2 миллиард теңгеге жеткен. Аудандық прокуратураның тексеруі нәтижесінде 145 борышкердің атына тіркелген түрлі жылжымайтын мүлік пен автокөліктер анықталған.
«Алимент өндіру ісін бақылау – прокуратура органдарының басты назарындағы бағыттардың бірі. Осы мақсатта жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, борышкерлердің автокөліктерін анықтап, ұстау және айыппұл тұрағына қою жұмыстары ұйымдастырылды. Заңға бағынбай, алимент төлеуден жалтарып жүргендерге осылайша нақты шаралар қолданылуда», – деді Алмалы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Шахмардан Нашекен.
Жиыннан кейін борышкерлерді анықтау және алимент өндіру мақсатында рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде 22 автокөлік айыптұраққа жеткізілді. Оның бесеуінің иесі қарызын бірден өтеп, мемлекет қазынасына 7 миллион теңгеден астам қаржы қайтарды. Ал қалған көліктерге қатысты тиісті бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл темір тұлпарлар борышкерлердің алимент қарызын өтеу үшін сатылымға шығарылмақ.
«Көліктердің бағасы есептеліп жатыр, олар сатылып, алимент қарызы соның есебінен өтеледі. Бұдан бөлек, 8 борышкерге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Екеуі сот шешімімен қамаққа алынды. Тағы екі адамның үстінен қазір тергеу жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, бәрі аудан прокуратурасының бақылауында», – деді Шахмардан Нашекен.
Оқи отырыңыз: Өрттің шыққанын хабарламаған: Премьер-министр екі өңірдегі кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды