Өнер иелері Наурыздың жай ғана мереке емес, бірлік пен жаңарудың символы екенін атап өтті
Алматыда елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері мен қазақстандық эстрада өкілдері отандастарымызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өнер иелері Наурыздың жай ғана күнтізбедегі қызыл күн емес, жыл сайын қазақстандықтардың ынтымағын арттыратын, жүректерге жылу сыйлайтын, жақсылықпен пен жаңарудың, бірлік пен үміттің айрықша символы екенін атап өтті.
Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева елімізге амандық пен бақ-береке, сонымен қатар игі тілектердің орындалуын тіледі.
«Құрметті қазақстандықтар, баршаңызды Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Елімізде жақсылық пен молшылық болсын, барлық арманымыз орындалсын!» – деді әнші.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Тушаев көктемнің жылы шуағымен бірге келетін шаттық пен қуанышқа толы мерекенің ерекше көңіл күй сыйлайтынын атап өтті.
«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, бірлігіміз берік болсын. Наурыз құтты болсын!» – деді ол.
Наурызды жаңа бастамалардың бастауы деп атаған мәдениет қайраткері Марал Анарбек:
«Әр шаңырақта қуаныш орнап, ақ дастарқанымыз молшылыққа толсын», – деді.
Актер Данияр Базарқұлов қазақстандықтарға сәттілік пен бақ-береке тіледі.
«Әр күніміз жарқын болсын, сәттілік серік болсын. Наурыз мейрамы құтты болсын!» – деді ол.
Сазгер Бейбіткүл Нұрымқожина бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын атап өтті.
«Елімізде әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен тұрақтылық болсын», – деді ол.
Әнші Мақсат Базарбаев отандастарына жыл бойына амандық тіледі.
«Келесі Наурызға дейін аман-есен, бірге болайық. Елімізді түрлі қиындықтан аман сақтасын», – деді ол.
Әнші Асхат Тарғын мерекенің терең мәніне тоқталды.
«Наурызда күн мен түн теңеліп, табиғат жаңарады. Осы маңызды әрі ерекше мейраммен баршаңызды құттықтаймын!» – деді ол.
Әнші Тахмина Әшімбекова қазақстандық отбасыларға береке мен татулық тіледі.
«Әр шаңыраққа береке, бірлік пен ынтымақ тілеймін», – деді әнші.
Мәдениет өкілдері Наурыздың халықты ұйыстырып, жаңа жетістіктерге жігерлендіретін, адамдардың өмірін жылу мен мейірімге, қуаныш және жарқын болашаққа деген сенімге толтыратын ең маңызды мерекелердің бірі екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында ұлттық спорт күні өтті