Алматы – Бішкек автожолының бір бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

23.10.2025 13:53

Қазіргі уақытта жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Аlmaty.tv

Кептелістерді азайту және өткізу қабілетін арттыру мақсатында «Алматы - Бішкек» автожолының 19-27 шақырым аралығындағы қозғалыс төрт жолақтың орнына сегіз жолақ дейін кеңейтіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv «ҚазАвтоЖол» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында орталық бөлу жолағын, заманауи жарықтандыру жүйесін, автобус аялдамаларын және жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелін салу қарастырылған. Бұдан бөлек, қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік байланысын жақсарту үшін «таға» пішініндегі екі жолайрық салу жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.

Жобалау – күрделі әрі көп кезеңнен тұратын процесс. Қазір геологиялық, экологиялық және геодезиялық зерттеулер аяқталуға жақын. Жобалау жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Жобалау нәтижесінде дайындалған құжаттама мемлекеттік сараптамаға жолданады. Сараптамадан оң қорытынды алынып, қаржыландыру бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады. Бұл жоба Алматы қаласы мен шекара маңы бағытындағы жол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды қадамы болмақ.

Оқи отырыңыз: Алматы маңында тіркелген дүмпу тұрғындарға қауіп төндірген жоқ - ТЖД