Алматы циркінің артистері халықаралық фестивальдерде алтын және күміс жүлде иеленді

Almaty.tv
Almaty.tv

Фестивальдің алтын медалін Қазақ мемлекеттік циркінің «Номад» тобы иеленді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ мемлекеттік циркінің өкілдері 2026 жылы қыркүйекте Санкт-Петербург пен Мәскеуде өткен халықаралық цирк өнері фестивальдерінде алтын және күміс жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

10-13 қыркүйек аралығында Санкт-Петербургтегі Чинизелли циркінің аренасында V Халықаралық «Без границ – 2026» цирк өнері фестивалі өтті. Оған 18 елден цирк өнері саласының 200-ден астам өкілі қатысты.

Фестивальдің алтын медалін Қазақ мемлекеттік циркінің «Номад» тобы иеленді. Топ ат акробатикасы мен каскадерлік өнер шебері Қанатбек Күнғожиновтың жетекшілігімен ат үстіндегі акробатикалық нөмірін ұсынды.

Сонымен қатар «Номад» тобы Ресей мемлекеттік цирк компаниясының арнайы жүлдесімен марапатталып, Мәскеуде өтетін «ИДОЛ-2027» халықаралық цирк өнері фестиваліне шақырту алды.

«Без границ – 2026» фестивалінің халықаралық қазылар алқасының құрамында Қазақстан атынан Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов болды.

Ал Мәскеудегі Цветной бульварында орналасқан Никулин циркінде IV Халықаралық «Артист» фестивалі өтті. Оған 17 елдің цирк өнерінің өкілдері қатысты.

Қазақстан атынан бұл байқауға Қазақ мемлекеттік циркінің артисі Элеонора Канахина қатысып, «Лунария» атты сым үстіндегі эквилибр нөмірін көрсетті. Өнерпаз байқау қорытынды бойынша күміс жүлдегер атанды. 

«Бұл артистеріміздің кәсіби шеберлігі мен күнделікті еңбегінің нәтижесі. «Номад» тобының алтын жүлдесі мен Элеонора Канахинаның күміс медалі – қазақстандық цирк өнерінің халықаралық аренадағы жоғары әлеуетін көрсететін маңызды жетістік. Әр халықаралық фестиваль тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдауға және Қазақстанның цирк өнерін әлемге танытуға мүмкіндік береді. Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, отандық цирктің әлемдік аренадағы орнын одан әрі нығайта береміз», – деді Мақсат Жайықов. 

Осылайша, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері бір фестиваль кезеңінде екі халықаралық жүлдеге қол жеткізді: Санкт-Петербургте – алтын, Мәскеуде – күміс.

Оқи отырыңыз: Алматы жылыту маусымына дайын