Қалада 250 мыңнан астам зейнеткер тұрады
Отбасы күніне орай, Алматыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара аясында мекеме мамандары зейнеткерлерге арнап отбасылық құндылықтар тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырған. Басты мақсат – қарттардың жанұядағы рөлін түсіндіру арқылы эмоционалды тұрақтылықты нығайту. Сонымен қатар іс-шара егде жастағы азаматтардың қоғамның белсенді мүшесі екенін айқындауға бағытталды.
«Балалар ер жетіп, өз жолымен кеткеннен кейін зейнет жасындағы адамдарда «жалғызсырау» синдромы пайда болады. Олар жалғыздыққа тап болып, өз әлемінде тұйықталып қалуы мүмкін. Бұл орталықта адамдар қайтадан қоғамға сіңіп, жаңа серпінмен қадам басады. Өз мәселелерімен жалғыз қалмайды, психологиялық күйзелістен шығады», – деді психолог Наргиза Ивелаева.
Мамандардың мәліметінше, Алматы – еліміздегі өмір сүру ұзақтығы ең жоғары мегаполис. Мұндағы белсенді зейнеткерлердің орташа жасы 78-ден асады. Қазір қалада 250 мыңнан астам зейнеткер тұрады десек, олардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Алматыда шамамен 15 тегін мекеме жұмыс істеп жатыр. Оның төртеуі «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы».
«Орталықтың міндеті – зейнет жасындағы адамдарға тегін қызмет көрсету. Қазір 4 мемлекеттік орталық бар. Келушілер саны 6000-нан асады», – деді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» Бостандық аудандық бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Сембаева.
Оқи отырыңыз: СҚО-да 100 жасқа келген соғыс ардагері дүниеден өтті