Алматы гарнизонының десантшылары Ливанға бітімгерлік миссияға аттанады

Әскери қызметшілер халықаралық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін пысықтап, далалық жаттығуларда кәсіби шеберлігін шыңдауда.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы гарнизонының 100-ден аса десантшысы сәуірде Ливанға бітімгерлік миссияға аттанады. Олар облыстағы даярлық орталығында теориялық әрі практикалық дайындықтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

 Алматы гарнизонында бүгінде 3 мыңға жуық десантшы қызмет етеді. Солардың арасынан іріктелген 100-ден аса жауынгер алдағы сәуір айында Ливандағы Голан жоталарына бітімгерлік миссия атқаруға аттанады. Ал сарбаздардың жұбайларына «Жас десантшы» балалар орталығында психологиялық қолдау көрсетіліп, арнайы тренингтер ұйымдастырылуда. Мамандар оларға алаңдаушылықты жеңу, сабыр мен төзімді сақтау жолдарын түсіндіріп, рухани тұрғыда демеу беріп жатыр.

«Қазіргі таңда бітімгерлік миссиясына жолдасым бара жатыр. Ол жерге жіберудің өзі ең үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Үлкен сенім керек деп ойлаймын. Жолдасымды әрқашан қолдаймын. Орталықта психологиялық қолдау білдіріп жатыр, рақмет!» – деді қала тұрғыны Малика Ешболатова.

Ал «Жас десантшы» балалар орталығында жауынгерлердің ұл-қыздары бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып жүр. Қазір мұнда 5 пен 17 жас аралығындағы 220 бала тіркелген. Олар шахмат пен домбырадан бастап, ағылшын тілі, хореография, робототехника, сурет салу және қолданбалы өнер сынды 6 бағыт бойынша қабілеттерін шыңдауда. Мамандардың сөзінше, мұндай жұмыстар жеткіншектердің ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашады.

«Орталықта 20-дан астам мұғалім білім береді. Олардың арқасында балаларымыз мектепте, қалалық, аудандық, халықаралық «Искорка» би конкурсына қатысып жүлделі орынды жеңіп алды», – деді  «Жас десантшы» орталығының әдіскері Бағдат Иманбекова.

Айта кетейік, «Жас десантшы» орталығында балалардан бөлек, аналарға арналған психологиялық демалыс кабинеті жұмыс істейді. Оған қоса, жалғызбасты аналарға арналған жоба да қолға алынып жатыр.

Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков.

Оқи отырыңыз: Әскери мерген Ислам Сәтпаев Азия чемпионатының жеңімпазы атанды

 

Новости партнеров