Алматы қаласының әкім Наурызбай ауданындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты

17.06.2026 19:32

Жиында электрмен қамту, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығы, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелеріне түсетін жүктемені азайту мәселелері көтерілді

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Наурызбай ауданын аралап, Бәйкен Әшімов көшесіндегі абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ құрылысы аяқталуға жақын қалған №15 мектеп-интернатына барып, аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында электрмен қамту, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығы, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелеріне түсетін жүктемені азайту мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv. тілшісі.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданындағы жұмыс сапарын Бәйкен Әшімов көшесіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысудан бастады. Қазір мұнда Айтматовтан Шаляпин көшесіне дейінгі 750 метрлік аумақта жол инфрақұрылымы жаңартылып, тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістік қалыптасқан. Жоба аясында 5 мың шаршы метрден астам тротуар төселіп, жасыл желекті күтіп-баптауға арналған суару жүйесі тартылған.

«Әшімов көшесі бойынша негізгі тұрғындардың қолайлы жағдайына байланысты көгалдандыру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда 21 мың көшет, ағаш, 49 мың бір жылдық гүл отырғызылды. Және де 750 метрде автоматты түрде суару жүйесін жасап шықтық», – деді мердігер компания басшысының орынбасары Дастан Жетібаев.

Жұмыс сапары барысында шаһар басшысы аудан тұрғындарымен жүздесіп, көпшілікті толғандырған мәселелерге құлақ түрді. Кездесуде тұрақты электр және ауыз сумен қамту, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығы мен денсаулық сақтау нысандарына түсетін жүктеменің артуы секілді өзекті сауалдар көтерілді. Дархан Сатыбалды өтініштер назарға алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Артынша қала №15 мектеп-интернатының құрылыс барысымен танысты. Қазір білім ордасында оқу кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

«Мектеп интернат 1975 жылы ашылған. Соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2001 жылы болған. Қазіргі уақытта ескі интернаттың орнына әдемі ғимарат салынды. 200 балаға арналған ескі интернатта, қазір 340 оқушы оқи алады. Интернатта барлық жағдай жасалып, жаңа техникалар қойылып, жұмысымызды жаңа деңгейде бастаймыз деп сенеміз», – деді № 15 мектеп-интернатының директоры Раушан Тастанбекова.

Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Наурызбай тұрғындарын жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Кездесуге келген азаматтар кәріз жүйелерінің жай-күйі, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне қатысты сауалдарын қойды. Айтуынша, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына арналған арнайы орталық жеткіліксіз.

«Мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесін көтердім. Мұндай нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері толық ескерілуі тиіс деп есептеймін. Әсіресе, арнайы жабдықталған киім ауыстыратын бөлмелердің болуы аса маңызды. Менің де Даун синдромымен ауыратын балам бар. Сондықтан олардың спортпен еркін айналысуына, қоғам өміріне белсенді араласуына қолайлы жағдай жасау қажет», – деді  Наурызбай ауданының тұрғыны Жанат Тілеубаева.

«Биыл күзде Таусамалы ықшамауданында 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға оңалту орталығын іске қосамыз деген ойымыз бар. Оған тиісті қаражатты, тиісті нысанды алдық. Сонымен қатар спорттық-сауықтыру орталығы 2027 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.

Кездесу соңында қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын атап өтіп, жауаптыларға нақты тапсырма берді.

Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Жаздың соңына дейін еліміздегі жолаушы пойыздары спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі