Алматы құрамасы WorldSkills Kazakhstan 2026 республикалық чемпионатына аттанды

21.11.2026 10:12

Мегаполис атынан 43 құзыреттілік бағыты бойынша 53 студент пен 43 сарапшы қатысады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда WorldSkills Kazakhstan 2026 республикалық чемпионатына қатысатын қала құрамасын шығарып салу рәсімі өтті. Кездесу барысында жас мамандарға сәттілік тілеп, кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде көрсетуіне тілек білдірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Астанаға аттанар алдында Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев Алматы сервис және технологиялар колледжіне барды. Колледж директоры Жарқын Жаниязова оған «Жас маман» жобасы аясында ашылған «Тігін ісі» құзыреттілік орталығының жұмысын таныстырып, студенттердің тәжірибелік дайындығы мен оқу орнының жетістіктері туралы баяндады.

Сапар аясында WorldSkills Almaty ұйымдастыру комитеті қала құрамасының қатысушылары және оларды чемпионатқа дайындаған тәлімгерлермен кездесу өткізді. Қалыптасқан дәстүр бойынша Сәкен Аралбаев команда капитанына Алматының туын табыстап, қатысушыларға сенімділік пен табандылық тілеп, чемпионатта лайықты өнер көрсетуіне тілектестік білдірді. Конкурсқа қатысушылар қала басшылығы мен тәлімгерлерге қолдау көрсетіп, дайындыққа көмектескені үшін алғыс білдірді.

25-30 қараша аралығында Астанада XI WorldSkills Kazakhstan 2026 республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді. Байқау EXPO халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылып, еліміздің 20 өңірінен келген колледж студенттерін біріктіреді. Қатысушылар кәсіби дағдысын нақты жұмыс ортасына барынша жақындатылған жағдайда көрсетуге тиіс.

Алматының атынан 43 құзыреттілік бағыты бойынша 53 студент пен 43 сарапшы қатысады. Құрама сапына WorldSkills Almaty 2025 өңірлік чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері енген. Олар биыл қыркүйек айында өткен қосымша іріктеуден сүрінбей өткен.

Жалпы республикалық чемпионатқа Қазақстанның 20 өңірінен 850-ден астам конкурсқа қатысушы пен 700 сарапшы қатысады.

Алматы құрамасына WorldSkills Kazakhstan ресми техникалық делегаттары – Алматы көпсалалы колледжінің директоры А. К. Бейсетбаев пен Алматы құрылыс-техникалық колледжінің директоры Б. С. Ахметов жетекшілік етеді. Олар чемпионатқа қатысу барысында команданың ұйымдастыру және техникалық жұмыстарын үйлестіреді.

WorldSkills Kazakhstan 2026 чемпионаты студенттерге кәсіби шеберлігін көрсетуге, еліміздің басқа өңірлерінен келген қатысушылармен тәжірибе алмасуға және мүмкіндігін республикалық деңгейде танытуға жол ашады.

Оқи отырыңыз: Алматыда 200-ден астам әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді

Толық көрсету