Бұл түркі бірлігін нығайтуға бағытталған іс-шаралардың бірі болмақ
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айынан бастап Алматы қаласына жаңа мәртебе берілетіні туралы айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі жұртының татулығы мен өзара байланысын нығайту, тұтастығын бекемдей түсу мақсатында Қазақстан қабылдаған кешенді шараларға тоқталды.
– Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі тағайындалды. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Астанада 11-12 маусым күндері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару үшін нақты іс-шаралар қолға алынды. Қазақстанның бастамасымен өткен аптада Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Оның алғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында табысты өтті.
Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз», – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты