Алматыда 16 қазандықты жаңғырту жұмысы басталды

Қазандықтар көгілдір отынмен жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жылыту маусымына дайындық та қызу жүріп жатыр. Түрксіб, Жетісу, Медеу мен Алатау ауданындағы 16 қазандықты жаңғырту жұмысы басталып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, күн салқындап, алғаш қар түскен шақта қала тұрғындары әбігерге салынып қалмауы үшін жылыту қазандықтарының еш ақаусыз жұмыс істеп тұрғаны маңызды. Сол себепті оларды жөндеу мен кешенді түрде жаңғырту басты міндеттердің бірі болып тұр. Ал осы қағиданы ескерген мамандар биыл Алатау ауданындағы Қарасу қазандығының ескі ғимаратын сүріп, орнына жаңасын салып жатыр.

«Демонтаж жұмыстары толық аяқталып, ескі құрылғылар алынып тасталды. Қазір қазандықтың іргетасы дайын. Шұңқыр қазылып, бетон құйылып, негізгі тірек құрылымдары орнатылды. Қуаттылығы қазандықтың – 1,5 гигакалория. Соның ішінде 5 нысанды сапалы жылыумен қамтамасыз етеміз. 200-ге жуық отбасы бар», – деді құрылыс учаскесінің басшысы Айбек Ықман.

Ал екінші жаңа қазандық Түрксіб ауданында салынады. Ескі қазандықты сүру жұмысы жүргізіліп, құрылыс алаңы толықтай тазартылған.

Атап өтейік, жаңадан бой көтеретін нысан №20 орта мектептің маңайында орналасқан. Сол ғимаратты жылумен қамтамасыз етеді. Қазір ол білім ордасында 1200-ге жуық оқушы тәлім алады.

Жоспарға сай, орталықтың жалпы аумағы – 80 шаршы метр болмақ. Қазандықтар көгілдір отынмен жұмыс істейді. Нысандардың қоршаған ортаға еш зияны жоқ.

 «Жаңғырту жобасының аясында ескі қондырғының барлығы жаңасына алмастырылады. Жүйелер талапқа сай жаңартылады. Сондай-ақ орталықтардың сейсмоқауіпсіздігіне де көңіл бөлінеді. Барлық жұмысты 1-қыркүйекке дейін аяқтаймыз», – деді  «Алматыжылужайэнерго» ЖШС Қазандық шаруашылығының бас инженері Роман Жарихин.

Еске салайық, аталмыш орталықтарды бақылайтын ұйым бүгінде Алматы қаласының 35 пайызын жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар мекеме 9 ірі, 76 кіші қазандықтың жұмысын қадағалайды.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматы қаласына жаңа мәртебе берілетін болды

Новости партнеров