Юки Каваучи журналистермен кездесуде алдағы жарысқа қатысты ойын айтты
«Алматы марафоны мен үшін жаңа белес болмақ». Жапонияның танымал желаяғы Юки Каваучи журналистермен кездесуде алдағы жарысқа қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2018 жылы әйгілі Бостон марафонында топ жарған спортшы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Ол 27 қыркүйекте өтетін мерейтойлық 15-рет өтетін «Almaty Marathon» додасында 42 шақырым қашықтықты бағындыруға ниетті. Биыл ауқымды жүгіру бәсекесіне 66 елден 16 мыңға жуық адам қатысады, оның 10 пайызын шетелдік спортшылар құрайды. Сондай-ақ бұл жолы негізгі марафонның бағыты да өзгеріп, жаңартылды. Жүгірушілер жарысты Абай алаңынан бастап, мегаполистің бірқатар орталық көшесімен жүріп өтіп, Республика алаңында мәреге жетеді.
«Қазақстанға алғаш рет келуім. Алматыға да тез бейімделіп жатырмын. Кеше қаланы аралап, көшелерімен жүгіріп көрдім. Қала жарық әрі өзімді өте қауіпсіз сезіндім. 42 шақырымдық қашықтықты шамамен 2 сағат 20 минутта бағындыруды жоспарлап отырмын. Алғашқылардың қатарында мәре сызығын кесіп өтуге бар күшімді саламын», – деді жапониялық марафоншы Юки Каваучи.
«Биыл Алматыда мерейтойлық 15- «Almaty Marathon» өтеді. Осы он бес жыл ішінде қалада жүгіру мәдениетін қалыптастырып, оны көпшілікке кеңінен насихаттауға зор күш салдық. Жүргізген зерттеуіміздің нәтижесі бойынша, осы уақыт аралығында марафонның Алматы экономикасына қосқан үлесі 15,6 миллиард теңгеге жеткен. Ал алдағы демалыста қатысушылар жаңартылған бағыт бойынша сынға түседі. Барша желаяққа сәттілік тілеймін!», – деді «Almaty Marathon» жобасының директоры Салтанат Қазыбаева.
Оқи отырыңыз: Біртұтас тау кластері: Алматыда туризм мен қауіпсіздік жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі