Біртұтас тау кластері: Алматыда туризм мен қауіпсіздік жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі
Жобаның экономикалық әсері де ауқымды болмақ
Алматының таулы аймақтарын біртұтас жүйеге біріктіретін тау кластері тек туристік нысандарды дамытуды ғана көздемейді. Жоба аясында қауіпсіздік, экология, спорт, көлік және жаңа жұмыс орындарын қамтитын кешенді инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланған,
Шымбұлақ, Бұтақты, Кімасар, Пионер және Ой-Қарағай бағыттарын біріктіретін бұл бастама Алматы тауларын жыл бойы пайдалануға болатын қолайлы кеңістікке айналдыруға бағытталған. Таулы аймақтарға келушілер саны артқан сайын қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түсуде. Осыған байланысты кластер аясында құтқару және медициналық инфрақұрылымды дамытып, табиғи жағдайларды тәулік бойы бақылау, сондай-ақ қар көшкіні қаупінің алдын алу жүйесін күшейту қарастырылған. Мәселен, құтқарушылардың дерегінше, соңғы үш жылда 1,7 мың адамға көмек көрсетілген. Сондықтан мамандар бұл жобадағы қауіпсіздік жүйесін жетілдіру туристер үшін де, құтқарушылардың жедел әрекеті үшін де аса маңызды екенін айтады.
«Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласы таулы аймаққа жақын орналасқандықтан, іздестіру-құтқару жұмыстарының көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр 600-ден астам адамды құтқарсақ, биыл тоғыз айдың өзінде 400-ден астам адамға көмек көрсеттік. Туристер санының өсуімен бірге таудағы төтенше жағдайлар да көбейіп отыр», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Біржан Серікбай.
Ал туризм саласының мамандары тау кластері Алматының әлеуетін жаңа сапалық деңгейге көтеретінін жеткізді. Бірнеше тау-туристік аумақты бір жүйеге біріктіру арқылы тек қысқы демалыспен шектелмей, жыл он екі ай бойы туризмнің түрлі бағыттарын дамытуға мол мүмкіндік бар.
«Тау кластері тек тау шаңғысы туризмімен шектелмеуі тиіс. Оның ауқымы әлдеқайда кең. Алматының тау бөктеріндегі түрлі демалыс бағыттарын, жаяу жүргіншілер соқпақтары мен сауықтыру орындарын бір жүйеге біріктіруге болады. Қазірдің өзінде келушілер саны жоғары екенін ескерсек, болашақта туристер ағынын жүйелі ұйымдастырып, рекреациялық мүмкіндікті тиімді пайдалану маңызды», – деді «Kazakh Tourism» қоғамдық кеңесінің мүшесі, сарапшы Еркін Тікенов.
Жобаның экономикалық әсері де ауқымды болмақ. Кластердің дамуы туризмнен бөлек, қызмет көрсету, құрылыс және көлік салаларына серпін беріп, шағын және орта бизнестің дамуына тікелей ықпал етеді. Жоба авторларының есебінше, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар туризм, қонақжайлылық, спорт және тау индустриясына қажетті мамандарды даярлайтын білім беру жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл жастарға жаңа кәсіби бағыттар мен мансаптық мүмкіндіктер ашпақ.
Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков