Алматы мектептері 1 қыркүйекке дайын

28.08.2026 15:26

Оқушыларға электр самокатын пайдалануға қатаң тыйым салынған

Аlmaty.tv

1 қыркүйек қарсаңында Алматыда жалпы білім беретін мектептің барлығының аумағын тексеру аяқталды. Жол инфрақұрылымына қатысты анықталған кемшілік үш-бес күн ішінде жойылады. Бірінші тоқсанда полиция қызметкерлері барлық мектеп сыныптарында жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізуді жоспарлап отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық көлік басқармасы мен полиция өкілдері осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың айтуынша, тексеру барысында жекелеген мектептердің маңынан бірнеше кемшілік анықталған. Атап айтқанда, жол таңбасының жағдайына қатысты мәселе мен көріну мүмкіндігін шектейтін ағаштарды бұтау қажеттілігі тіркелген. Осы кемшілікті жоюды жауапты органдарға жолдапты.

«Бұл кемшілікті төрт-бес күнде жояды. Жалпы білім беретін барлық мектеп жаңа оқу жылынаа дайын, қауіпсіздік талабына да барлығы толық сай. Егер қауіп төндіретіндей жерді анықтасақ, дереу оны жергілікті атқарушы органдарға  жолдаймыз», – дейді Алматының Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Жұмыстың жеке бағыты мектеп оқушыларымен тікелей алдын алу жұмысын жүргізуге арналмақ. Ол оқу жылы бойы тұрақты түрде жүргізіледі. Дегенмен ең қарқынды жұмыс бірінші тоқсанға межеленген. Әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Алдымен бастауыш сынып оқушыларына, кейін орта және жоғары буын оқушыларына түсіндіру сабағы өткізіледі. Осылайша, бірінші тоқсан ішінде полиция барлық сыныпты профилактикалық жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

«Бұл жұмыс тек қыркүйек айымен шектелмейді. Ол оқу жылы бойы тұрақты жүргізіледі. Алайда бірінші тоқсандағы міндетіміз – кіші сынып оқушыларынан бастап барлық сыныпты қамтып, балаларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі ережесін тағы бір рет еске салу», – дейді спикер.  

Брифинг барысында оқушыларды тасымалдауға қатысты жаңа мәлімет те жарияланды. Қазір мектеп автобустары Алматының 60 мектебіне қызмет көрсетеді. Жалпы қалада 300 автобус балаларды тасымалдаумен айналысады.  

Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ешанқұл оқу орнының маңында көліктердің жиналып қалу мәселесіне де тоқталды.

«Мектепке келіп-кетуді ұйымдастыру әр білім беру ұйымының инфрақұрылымына байланысты. Ата-аналар күн сайын балаларын жеке көлікпен әкеліп, алып кеткен кезде ғимараттың маңында көліктер көп жиналып қалады. Көлікті сәл әрірек қалдырып, баланы мектепке жаяу апарған дұрыс болар еді. Бұл мектеп кіреберісінің маңындағы кептелісті азайтып, қозғалысты қауіпсіз етуге мүмкіндік береді», – деді спикер.

Полиция 25 тамыздан бастап күшіне енген электр самокатын пайдалану ережесіндегі өзгеріске де назар аударды. Кәмелетке толмағандарға тротуарда да, жалпы пайдаланымдағы жолда да самокатпен жүруге тыйым салынған.

Ата-аналардың самокатты жалға беретін сервистердегі өз аккаунттарына балаларын кіргізетін жағдайлар да ерекше алаңдаушылық туғызады.

«Оқушыларға электр самокатын пайдалануға қатаң тыйым салынған. Ата-аналардан өздерінің аккаунты мен шеринг сервисіндегі логиндерін балаларға бермеуді сұраймыз. Ересектер балаға мұндай көлікпен жүрудің қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндіруі керек. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі», – деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.

Спикердің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері Алматыда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының саны, оның ішінде адам өліміне әкелген апаттар да азайған. Полиция кәмелетке толмағандар қатысатын жол апатының негізгі себебінің қатарында жүргізушілердің немқұрайлылығы, жол қозғалысы ережесі мен маневр жасау талабының бұзылуын атап отыр. Балаларды автокөлікте тасымалдау талабының сақталмауы да өзекті мәселе болып қала береді.

«Кейбір жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тақпайды, балаларға арналған арнайы ұстап тұратын құрылғыларды пайдаланбайды. Соның салдарынан жолапатын кезінде балалар зардап шегеді. Сонымен қатар биыл кәмелетке толмағандар қатысқан адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғасының саны айтарлықтай азайды», – деді Тимур Ноғайбаев.

Оқи отырыңыз: Бірінші сыныпқа қабылдау OQU платформасында іске қосылды

Толық көрсету