Бірінші сыныпқа қабылдау OQU платформасында іске қосылды

Almaty.tv
Almaty.tv

Биыл елімізде 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. Ал бірінші сыныпқа қабылдау алғаш рет Бірыңғай OQU платформасы аясында кезең-кезеңімен іске қосылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол жаңа оқу жылына дайындық барысы мен оқушылар санына тоқталды.

"Қазір еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алып жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді", – деді Шынар Ақпарова.

Оның айтуынша, 1-сыныпқа қабылдау алғаш рет QazTech платформасында Бірыңғай OQU платформасы аясында кезең-кезеңімен іске қосылды.

Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері де жаңартылады. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталып, күнделікті қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі.

"Диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша және практикалық жұмыс секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау ретінде қолданады", – деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәнін толық оқуына мүмкіндік беру үшін қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.

Оқи отырыңыз: Білім беру ұйымдары алдын ала ескертусіз тексеріледі