Жиын соңында мектеп ұжымы қонақтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады
Алматыдағы бірқатар білім ордасында «Ғылымға қадам» апталығы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның аясында оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартып, шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мәселен, №141 мектепте «Мектеп түлегі – ғылым жолында» атты әдеби-сазды кездесу өтті. Жиынға білім ордасының түлектері қатысып, мамандық таңдауы мен кәсіби жолы туралы айтып берді. Ал оқушылар ғылым саласының өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жеткіншектердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, ізденуге ынталандырады. Сонымен қатар оқушыларға түрлі мамандықтың қыр-сырын ертерек танып, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
– Мақсатымыз – өскелең ұрпаққа үлгі көрсету. Қарапайым мектептен түлеп ұшып, бүгінде Қазақ-Америка университетінің президенті дәрежесіне жеткен түлегіміздің жетістігін кейінгі буынға өнеге еткіміз келеді. Оқушыларымыз осындай биік белестерге ұмтылса дейміз. Біз әрбір түлегімізбен мақтанамыз, – деді ұстаз Жанар Кәрібаева.
Жиын соңында мектеп ұжымы қонақтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.