Алматы метросында жол ақысын төлеу жеңілдейді

Алматыдағы метро желісін ұзарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы метросында турникеттер жаңартылып, жол ақысын төлеу жеңілдейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы метросының барлық бекетіндегі турникеттер байланыссыз төлем жүйесімен жабдықталады. Бұл жолаушылардың уақытын үнемдеп, жерасты көлігінде жүруді әлдеқайда ыңғайлы етеді. Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін, жетон да, көлік картасы да қажет болмайды.

Жолаушылар жолақысын кіреберісте Apple Pay, Google Pay және Samsung Pay сервистері бар смартфонды немесе банк картасын арнайы құрылғыға тигізу арқылы төлей алады. Демек ұзын- сонар кезекте тұрудың қажеті болмайды.

«Бұған дейін жол ақысын банк картасы арқылы тек кассаға немесе тек бір турникет арқылы төлеуге болатын. Енді барлық бекеттер байланыссыз төлем жүйесімен жабдықталады. Сондай-ақ кез келген банктің картасын қабылдай береді», – деді «Метрополитен» КМК Ақпараттық технологиялар қызметінің бастығы Бауыржан Серғазин.

Тұрғындардың да пікірі осыған саяды. Жұрт жаңа әдіс жол жүрудің жүгін едәуір жеңілдетеді дегенді алға тартып отыр. Бұл шешім метромен сирек қатынайтындар үшін өте ыңғайлы болмақ.

«Адамдар карточканы үнемі алып жүреді ғой. Сондықтан өте тиімді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны.

«Ең алдымен, кезек азаяды. «Оңайда» ақша таусылып қалса, банк картасы арқылы төлем жасап, оңай өтіп кетеміз. Сондай-ақ қазіргідей тек бір турникет емес, барлығында жүйе іске қосылса, әрине, қуанамыз», – деді қала тұрғыны.

Айта кетейін, Алматыдағы метро желісін ұзарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Қалқаман» бекеті келер жылы қаңтарда қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Аталған станса ашылса, метро жолаушыларының саны тағы 30 мыңға артады деген болжам бар.

Гүлмарал Изатқызы

Оқи отырыңыз: Алматы музейінде Матьо кестелеу өнер бұйымдарының көрмесі ашылды

Новости партнеров