Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған алғашқы ойындар өткен демалыс күндері қаланың ірі саябақтарында өтті
Алматыда балаларға арналған «ALMATY MOVE» спорттық-ойын-сауық жобасы бастау алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі
Жазғы демалыс кезінде мегаполистің кішкентай тұрғындары үшін ашық аспан астында тегін интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған алғашқы ойындар өткен демалыс күндері қаланың ірі саябақтарында өтті.
ALMATY MOVE – жеті жастан асқан қатысушыларға арналған, алайда ұйымдастырушылар бұл ойындарға ата-аналарды да тартты. Екі жарым сағат бойы кәсіби аниматорлар мен жүргізушілер аудиторияның назарын өзіне аудартты. Балалар командалық эстафеталарда жарысып, челлендж-баттлдарға қатысты және би флешмобтарында өнер көрсетті. Мұндай тегін интерактивті іс-шаралар маусым айының соңына дейін жалғасады.
«Ауқымды марафон бір айға созылып, әр кезеңі түрлі форматты қамтиды. Маусым айында балалар үшін эстафеталар мен отбасылық интерактивті ойындар ұйымдастырылса, шілдеде ересектер қауымы үшін йога секілді сауықтыру іс-шараларына басымдық берілмек. Алғаш рет жалауы желбіреген бұл бірегей жобаны біз алдағы уақытта жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді жоба жетекшісі Әділ Тәліпов.
Оқи отырыңыз: ШҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен толық бас тартты