Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды

18.10.2024 16:34

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады

Аlmaty.tv

Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, бұған қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болды.

Айта кетерлігі, Талғарда бір топ адамның қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты тағы бір күдікті қолға түсті.

Еске салайық, Алматы облысында 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қайғылы оқиға 3 қазанға қараған түні Талғардағы «Қамажай» азық-түлік дүкенінде болған. Қару мен пышақ қолданылған салдарынан Шерзат қайтыс болды. Аталған дерек бойынша бастапқыда 7, кейіннен тағы 3 күдікті қамауға алынғаны хабарланды.

Ал 12 қазанға қараған түні белгісіз біреулер өлтірілген жасөспірімнің туыстарына тиесілі үйді өртеп жіберген. Қазір полицейлер марқұмның отбасын тәулік бойы күзетіп отыр.  

Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 12 қазанға қараған түні үйінің қасақана өртенуінен кейін бейнежазба жариялады.

Алматы облысының әкімдігі өрттен кейін отбасына үйін қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеді. Оқиға орнына Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов барды.

ҚР Бас прокуратурасы жасөспірімнің отбасы тұратын үйдің өртеніп кету дерегінен кейін ресми мәлімдеме жасады.

Оқи отырыңыз: Шерзат Болаттың өлімі: тағы бір күдікті ұсталды