Алматы облысында 10 мың гектар жайылым жер егістік алқабына айналуда

21.05.2026 14:18

Жобаның негізгі мақсаты – су ресурстарын ұтымды пайдалана отырып, тиімді әрі тұрақты заманауи ауыл шаруашылығы моделін қалыптастыру

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысының Ұйғыр ауданында 10 мың гектар жайылымдық жер егістік алқабына айналуда. Бұрын шөп те шықпайтын аумаққа шаруалар цифрлық технологияларды енгізіп, мол өнім алуды көздеп отыр. Атап айтқанда егін жұмыстарына озық технологиялар енгізіліп, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері мен автоматтандырылған басқару құрылғылары кеңінен қолданыла бастады. Бұл су көздерін тиімді пайдаланып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

 Ұйғыр ауданының Қалжат ауылында қолға алынған жоба агроөнеркәсіпке цифрлық технологияларды енгізуге негізделген. Оның ішінде автоматтандырылған суару жүйесі, топырақты цифрлық талдау қондырғысы, ылғалдылықты есептейтін датчиктер, егіс алқаптарының жағдайын бақылау және жасанды интеллект арқылы басқару элементтері бар. Жобаның негізгі мақсаты – су ресурстарын ұтымды пайдалана отырып, тиімді әрі тұрақты заманауи ауыл шаруашылығы моделін қалыптастыру.
Жобаны толықтай іске асыру 2026-2029 жылдарға жоспарланған. Жалпы құны – 18,2 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылғанда 60 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы жер көлемі – 4 500 гектар. Онда жылына 20 000 тонна жүгері және 4500 тонна мақсары өсіру көзделген. Дайын өнім Орта Азия елдеріне, сондай-ақ Қытай мен Иран нарығына экспортталмақ.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – жер асты суын пайдалану арқылы заманауи суару жүйесін дамыту. Осы мақсатта ұңғымаларды бұрғылау және ирригациялық инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 120 ұңғыма бұрғылау және 120 «Center Pivot» жаңбырлатып суару қондырғысын орнату көзделген. Ұңғымалардың тереңдігі 300 метрге дейін жетеді, ал әрбір қондырғыға қажетті су беру көлемі сағатына 125-150 текше метрді құрайды.

Алғашқы кезеңінде 1 200 гектар жер игеріліп, мақсары өсіріледі. Қазіргі уақытта 30 ұңғыма бұрғыланып, 30 жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуға дайындық жүргізілуде.

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысындағы мұнай өндіруші компанияға айыппұл салынды