Алматы облысында 100-ге жуық тұрғын баспанасыз қалуы мүмкін

Іле ауданы прокуратурасы 5,4 гектар жер учаскесінің құжаттарын заңсыз деп таныған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Іле ауданының жүзге жуық тұрғыны баспанасыз қалуы мүмкін. Жергілікті жұрттың айтуынша, оларға жер телімін сатқан адам нағыз меншік иесі емес, алаяқ болып шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоянқұс ауылындағы 23-линия деп аталатын негізгі көшеде жүздеген шаңырақ түтін түтетіп отыр. Халық бұл жерді 2017-жылдан бері сатып ала бастаған. Ал 2019 жылы Іле ауданының сәулетшілері бұл үйлердің зираттан 300 метр қашықтықта орналасқанын анықтап, санитарлық аймақ деп белгілеп кетеді. Қоянқұс тұрғындары үшін бұл ауыр соққы болды. Ол аздай, мұндағы жұртқа жерді сатқан адам алаяқ болып шыққан көрінеді.

"Бәрі заңды болған, құжат бойынша нотариус тексерген. Ал 3 ай өткеннен кейін, соттан қағаз келіп тұр. Жер заңсыз сатылған, құжаттың бәрін жоққа шығарып жатыр", – деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Айдар Төлегенов.

"Құжатты өзіміз жасап алған жоқпыз. Неге қате болса, сол кезде айтпайды.  Халықты шырылдатпау керек қой. Қып-қызыл ақшамызды санап беріп, сатып алдық", – деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Маралбек Жаңылысхан.

Іле ауданы прокуратурасы бұл көшеде сатылған 5,4 гектар жер учаскесінің құжаттарын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы сотқа талап-арыз жіберген. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше айдан бері қаралып жатқан істе шикілік бар. Себебі 100 учаскенің ішінде тек 28 жер иесі шақырылып, қалған 70 жер теліміндегі халық сот жайында мүлдем білмейді.

"Қоянқұс ауылында 5,4 гектар жерде 100 участок бар. Соның ішінде сотқа тек 28 жер телімнің иесін шақырып отыр. Әкімнің шешімін жоққа шығара ма?" – деді Қоянқұс ауылының тұрғыны Бақытгүл Аршабаева.

Іле ауданы мен жаңадан бой көтерген Алатау қаласының ортасында қалған Қоянқұс тұрғындары бірнеше айдан бері жанайқайын жеткізер жауаптыларды таппай дал. Себебі екі жақтың әкімдігі бір-біріне сілтеп, халыққа мардымды жауап бермей отыр. Көпшілік бұл жердің санитарлық аймақ екенін тым кеш білгенін айтып налиды.

"2019 жылы бас жоспар қайта қаралып, 2020 жылы бекітіледі. Құжат бойынша бұл жерлер ауылдың ішіне кіреді.  51 жер телімінде тұрғын үй салуға, ал 18-і ауылдың сыртында қалада.Бірақ қазір бұл ауыл Алатау қаласына қарайды, сот болап жатыр", – деді Іле ауданы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жанай Нұрқасымов.

"Жергілікті атқарушы билік жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы нұсқама берді. Келісімшарт жасап, рәсімдеп бердік", – деді Іле ауданы Жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асыл Мұхамметқалиев.

Тұрғындар жерді сату мен рәсімдеу процесінде әкімдік тарапынан тиісті бақылаудың болмағанын алға тартты. Бүгін Қоянқұстағы жер дауына қатысты Іле ауданының сотында жарыссөз өтіп жатыр. Үйсіз қаламыз деп шырылдағын халық үшін ең басты мәселе – әділдіктің орнауы. Жылдар бойы жиған-тергенін баспанаға салған жұрт үйінен айырылып қалғымыз келмейді

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Автобус апаты: айыпталушы кәнісін мойындап, кешірім сұрады

Новости партнеров